Өңірлер

Павлодар облысының екі ауылына санитарлық бекет қойылды

© Sputnik / Елена БережнаяКарантинный блокпост
Карантинный блокпост - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Екі ауылда карантин күшейтіледі, санитарлық бекет арқылы сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтуге шектеу енгізіледі

АЛМАТЫ, 29 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысы бас санитар дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Ақылбекова Май ауданына қарасты екі ауылдың аумағында қатаң карантин енгізу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлады өңірлік санитарлық ведомствоның баспасөз қызметі.

"Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Май ауданы штабының шешімі бойынша Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарына санитарлық бекеттер орнатылсын", - делінген құжатта.

Соған байланысты санитарлық бекет арқылы сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтуге шектеу енгізіледі. Өту үшін жұмыс берушінің мөрі басылған растаушы анықтама болу қажет.  

Бұл тізімге елді мекеннің тұрғындары; авариялық, медициналық қызметтер, құқық қорғау органдары, СЭС қызметкерлері, табиғат қорғау, ветеринариялық, жол жөндеу қызметтерінің, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері кірмейді. 

Сондай-ақ медициналық көрсеткіштер бойынша елді мекеннен шығып-кіретін азаматтар мен карантиндік стационарларда емделіп жатқан және бақылауда жүрген азаматтар ертіп жүруші адаммен бірге өте алады.

Май ауданының әкімдігі Көктөбе және Кеңтүбек ауылы әкімдеріне, аудандық полиция бөлімінің бастығына міндетті түрде маска режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтау бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.

Жаңа қаулы 2021 жылдың 29 қаңтар 00:00-ден бастап күшіне енеді және 2021 жылдың 12 ақпанына дейін жарамды.

Айта кетейік, 25 қаңтарда Павлодар облысында бас санитар дәрігердің қаулысына толықтырулар енгізілді. Соған байланысты автокөлік, қоғамдық тамақтану қызметі шектелді. Жаңа шектеу шаралары аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көп болуына байланысты қабылданды.

Павлодар облысы 17 қаңтарда коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа кірді.

Жаңалықтар
0