АЛМАТЫ, 25 қаңтар – Sputnik. Коронавирусқа қарсы вакцина 18 жастан асқан ересек адамдарға өзі келісім берген жағдайда салынады. Бұл туралы Алматы қаласы №4 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зарина Алтынбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Маман Алматы қаласының емханаларында "Спутник V" вакцинасымен иммундау алгоритмін түсіндірді. Айтуынша, кез келген азамат вакцинадан жазбаша түрде бас тарта алады.
"Коронавирусқа қарсы вакцина Қазақстанда тегін, мемлекет есебінен салынады. Әрбір азамат вакцина салудан жазбаша түрде бас тартуға құқылы. Медициналық қарсы көрсеткіші жоқ, өз еркімен келісім берген 18 жастан асқан ересек адамдарға жасалады", - деді маман.
Вакцинация екі кезеңнен тұрады: I компонетімен 0,1 мл дозада, содан кейін 21-ші күні II компонентімен 0,5 мл дозада салынады.
Вакцина алдымен кімдерге егіледі
Бірінші кезеңде 1 ақпаннан бастап екпе алатындар инфекциялық аурулардың, жедел медициналық көмек, реанимация бөлімшесі, қабылдау бөлімшесінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық бөлім қызметкерлеріне салынады.
Екінші кезеңде екінші наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептің, жоғары оқу орындарының мұғалімдері, медициналық қызметкерлерге салынады.
Үшінші кезеңде бірінші сәуірден бастап мектеп-интернат мұғалімдері, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы аурулары бар науқастарға вакцина егіледі.
Кімдерге вакцина салуға болады
СОVID-19-ға қарсы вакцина 18 жастан асқан ересектерге ерікті келісімі арқылы салынады. Ол үшін азаматтың медициналық қарсы көрсетілімі болмауы керек.
Маманның айтуынша, вакцинаның немесе вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдығы бар адамдар мен анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялары бар азаматтарға вакцина салынбайды. Жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар, созылмалы аурулар өршіген жағдайда, жүктілік және бала емізу кезеңінде вакцина салынбайды.
"Азамат емханада қаралып, пациенттің сауалнамасын толтырып, ерікті мәліметтерге келісім беруі қажет. Кейінгі 14 күн ішінде инфекциялық ауры бар науқаспен байланыста болса, кейінгі 14 күн ішінде ауру белгілері болса, SARS-Соv-2 вирусына ПЦР тест алынады", - деді Зарина Алтынбекова.
СОVID-19 ауырып жазылған адамдар және SARS-Соv-2 вирусына G және М класты иммуноглобулиндердің болуына оң нәтижелері бар адамдарға вакцина салынбайды.
Вакцинацияға дейін азаматты дәрігер тексереді. Дәрігерлер пациентке вакцинациядан кейінгі асқынулар туралы ескертеді. Вакцинациядан кейін пациент 30 минут бойы медициналық қызметкердің бақылауында болады.
Вакцина салынғаннан кейін келесі үш күнде адамда тұмауға ұқсас белгілері, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы болуы мүмкін. Сонымен қатар ине егілген жер ауырсынып, ісінуі, қызаруы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Германияда вакцинадан бас тартқандар жұмыстан қуылды
Екінші кезең алдында қайта тексеру жүргізіледі. Дәрігер вакцинаның екінші компонетін салу кезінде вакцинаға қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтайды.
Иммунизациядан кейін жанама әсерлер пайда болған жағдайда медицина қызметкері пациентке көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда стационарға емдеуге жатқызады. Сонымен қатар медициналық ұйымның басшысына хабар береді.
Асқыну анықталған сәттен бастап 2 сағат ішінде денсаулық сақтау басқармасының аумақтық органына және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының аумақтық органына хабарлайды.