Өңірлер

Көлік тізгіндеген 6 жасар бала әйелді қағып, мүгедек қылды: оқиғаның мән-жайы

CC0 / IgorShubin / Рөлде отырған ер адам
Рөлде отырған ер адам - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде арнайы құралсыз жүре алмайтын Дарина жарты жыл өтсе де, тергеу аяқталмағанын және нәтижесі көрінбейтінін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Рөлге отырған кішкентай бала әйелді ғана емес, оның екі баласын да қағып кеткен. Петропавл қаласының тұрғыны 6 жасар баланың ата-анасын жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға өткен жылдың шілде айында болған. Содан бері Дарина Түгімбаеваға ота жасалды. Мүгедектігі расталып, жәрдемақы тағайындалды. Бірақ ол рөлге отырған баланың ата-анасына әділ жаза бермеді деп санайды. Сол себепті енді ғана әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы барлық мән-жайды жариялап отыр. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Darina (@darina_armanovna)

Оның айтуынша, жол-көлік апаты 19 шілде күні кешкі уақытта болған. Сол күні олар отбасымен бірге Новокаменка ауылына жақын жерде Есіл өзеніне суға түсуге барған.

"Жолдасым соңғы рет суға түсіп аламын деп, өзенге қарай кеткен. Біз болсақ, сіңлім екеуіміз балаларды алдық та, отыратын жерімізге барып жайғастық. Сол кезде жанымызда серуендеп жүрген ер адамның балаларын мақтап жатқан дауысын естідім. Ол өз сөзінде балалары көлікті от алдыра алатынын, ауылға барар жолда жүргізгенін, тіпті, сол жерде көлге дейін және кейін жүргізіп қайта алатынын айтты. Дәл сол сөзі есімде қалып қойды", – деп жазды Түгімбаева.

Одан кейін "бері кел, қалай от алдыратынын көрсет" деген сөздерді де естіген. Бірақ Дарина сіңлісі екеуі оған мән бермеген. Себебі балаларға қарап отырған.

"Бірнеше минуттан кейін біздің артымызда тұрған көлік от алды. 6 жасар бала рөлде отырған машина маған қарай жүріп келе жатқанын көрдім. Арамызда бір-ақ метр болғандықтан, ештеңе істей алмадым. Балалар да, мен де көлік астында қалдық. Абырой болғанда балалар қатты жарақат алған жоқ. Ал мені тура жамбас тұсымнан басып өтіп, 3-4 метрдей сүйреді", – дейді Түгімбаева.

Жарты сағаттан кейін медициналық жедел жәрдем қызметі келіп, Даринаны ауруханаға алып кеткен. Ауруханада ортан жіліктің орнынан тайғаны және жамбастың бірнеше тұстан сынғаны анықталды. Содан Нұр-Сұлтан қаласында екі рет ауыр операция жасалған.

"Мен екі ай қозғалмай жаттым. Операциядан кейін үш ай бойы сол аяқты баса алмадым. Ал бес айдан кейін II дәрежедегі мүгедектікті тағайындады. Бүгінде арнайы құралсыз жүре алмаймын. Балдақты да тастамаймын. Жарты жыл өтті, тергеу әлі аяқталған жоқ. Нәтижесі көрінбейді. Айыпталушылар жағы адам сияқты кешірім де сұраған жоқ. Ал материалдық көмек жайында тіс жарып айтпады. Мен әділдікті қалаймын! Айыпталушы баласына қарамағаны үшін заң бойынша жауап беруі тиіс", – деп жазады Дарина.

Құзырлы орган қандай уәж айтады

Sputnik Қазақстан тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық полиция басқармасына хабарласып, осы оқиғаға қатысты қандай шаралардың қолға алынғанын сұрады.

Ресми мәліметке сәйкес, "Mercedes-benz E220" маркалы көліктің 35 жастағы жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы (593 – "Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау" және 611 – "Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекс бойынша іс қозғалып отыр.

Оқи отырыңыз: Ата-анасынан айырылып, мүгедек болып қалды: павлодарлық әйелдің жантүршігерлік оқиғасы

"Аталған факті Қылмыстық кодекстің 349-бабы, 2-бөлігі ("Басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беру") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, соның шеңберінде бірқатар қажетті сот сараптамалары тағайындалды және жүргізілді. Қылмыстық іс бойынша істің мән-жайын толық және объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – дейді полицейлер.

Жаңалықтар
0