Өңірлер

Ақтөбе әуежайына Әлия Молдағұлованың есімін беру ұсынылды

Жазылу
Қазір қаулы жобасы ұлттық экономика, әділет, мәдениет және спорт, білім және ғылым, қаржы министрліктерінде қаралып жатыр   

АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысындағы халықаралық әуежайға Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімін беру ұсынылды.

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова Sputnik Қазақстан тілшісіне ұсыныс халықаралық әуежайдан түскенін айтты.

"Әуежайға Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы халықаралық әуежайдан Ақтөбе облысы тілдерді дамыту басқармасына ұсыныс түсті. Бұл ұсыныс әрі қарай облыстық мәслихат сессиясына жіберілді. Депутаттар бұл бастамаға бірауыздан қолдау көрсетіп, дауыс берді. Мәслихат шешімі негізінде ұсынысты республикалық ономастикалық комиссияға жолдадық. Бұл атауға республикалық комиссия оң қорытынды берді. Соның негізінде үкімет қаулы жобасын енгізу үшін бес министрлікке ұсыныс жолданды", - деді Жанасова.

Айтуынша, қазір бұл құжат ұлттық экономика, әділет, мәдениет және спорт, білім және ғылым, қаржы министрліктерінде келісім сатысында тұр.

Оқи отырыңыз: Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары туралы не білеміз? 

Сонымен қатар әлеуметтік желіде әуежай атауының өзгергені туралы ақпарат тарады. Олар облыс әкімдігінің ресми сайтына жүктелген қаулы жобасын негізге алған.

"Ереже бойынша бұл құжат жобасы облыс әкімінің сайтына салынуы керек. Жоба жүктелді. Кейбір желіде, порталда үкімет қаулысы шықты деп жазылып жатыр, бұл – қате пікір. Үкімет қаулысы әлі шыққан жоқ", - деді Жанасова.

Министрліктер келісім бергеннен кейін қаулы жобасы үкімет кеңсесіне енгізіледі, деп толықтырды ол.

Айта кетейік, Ақтөбе әуежайы 1933 жылы салынған. 2004 жылдан бері әуежайды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, ұшу-қону айлағы толық жөндеуден өтті.

Жаңалықтар
0