НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Жаңа жыл алдында және мейрам күндері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құжатқа сәйкес, балабақшалар мен мектептерде кезекші топтардың жұмысы тоқтатылады. Сауда орталықтары Жаңа жылға дейін және демалыс күндері түнгі сағат 23:00-ге дейін істейді. Ал азық-түлік және басқа тауар сататын базарлар кешкі 17:00-де жабылады. Барлық жерде санитарлық режим қатаң сақталуы шарт.
Мейрамханалар мен дәмханалар түнгі сағат 22:00-ге дейін ашық болады. Ал сауда орталықтарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары 23:00-де жабылады. Бірақ ұжымдық жиындарға рұқсат жоқ.
"25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында барлық мекемелер мен ұйымдарда жаңа жылдық ойын-сауық шараларына, аниматорларды (Аяз ата, Ақшақар және басқа да жаңа жылдық кейіпкерлерін) үйге шақыру бойынша агенттіктердің жұмысына тыйым салынады", - делінген бас санитардың қаулысында.
Бұдан бөлек, демалыс үйлері, шипажайлар, курорттар мен туристік базалар жұмыс істей береді. Бірақ үш күннен аспайтын ПТР-тест теріс нәтижесі бар анықтама болуы шарт. Медеу мен Шымбұлақ та ашық болады.
Ал караоке, бильярд, түнгі және ойын клубтары, букмекерлік кеңселер, лотоклубтар, фудкорттар, балалардық спорттық алаңдары, атракциондар, батуттар мен корттар сол қалпында жабық болып қала береді.
Айта кетейік, өткен бір тәуліктің ішінде Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны артты. Кешеден бері 90 адамдан COVID-19 анықталды.