Өңірлер

Қысы-жазы жалаңаштанып жүгіретін ақсақал індеттен қалай қорғанып жүргенін айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинСепболсын Ақашев 50 жылдан аса уақыттан бері жүгірумен айналысады
Сепболсын Ақашев 50 жылдан аса уақыттан бері жүгірумен айналысады - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сепболсын Ақашев төрт шақырым жүгірген соң жаттығу жасайды. Жаттығудың арасында бір айналым жасап, жүгіріп отырады. Әр жаттығуға 3-4 минут уақыт жұмсайды. Екі келі гір тасын көтеріп жүреді

АЛМАТЫ, 15 желтоқсан – Sputnik. Спорт – денсаулық кепілі. Осы ұстаныммен өмір сүретін 72 жастағы алматылық Сепболсын Ақашев 50 жылдан аса уақыттан бері жүгірумен айналысады. Түркістан облысында туған азамат қазір Алматыда тұрады. Күн сайын Тұңғыш президент саябағына барып, жартылай жалаңаштанып жүгіреді. Sputnik Қазақстан тілшісі ақсақалмен кездесіп, өмір салтына айналған қызығушылығы жайлы сөйлесті.

"Біз ауылда тұрдық. Сарыағашта бала күнімде таңертең жалаңаш жүріп мал жайғайтынмын. Сонда әке-шешем ауырасың деп ұрсатын. Кейіннен ұрысуды да қойды. Ес білгелі осылай жүгіріп келе жатырмын, шамамен 18-19 жасымда бастадым", - дейді ақсақал.

© Sputnik / Тимур БатыршинСепболсын Ақашев төрт шақырым жүгірген соң жаттығу жасайды
Қысы-жазы жалаңаштанып жүгіретін ақсақал індеттен қалай қорғанып жүргенін айтты - Sputnik Қазақстан
Сепболсын Ақашев төрт шақырым жүгірген соң жаттығу жасайды

Айтуынша, ер жеткен соң жұмысқа да жүгіріп баратын болған. Алайда бұл қызығушылығы жайлы ешкімге тіс жармаған. Ел ағасы атанған шақта астана көшелерінде, Көкшетау орманында жүгірген Сепболсын ата бүгінде президент саябағында жаттығады.

"Адамға денсаулық керек. Өзім үшін, шыдамды әрі төзімді болу үшін жүгіремін. Мен де ауырып қаламын, бірақ ертеңіне тұрып кетемін. Ауырып қалсам, моншаға барамын. Біздің медицинада суық тигенде моншаға түсуге рұқсат бермейді. Ал мен керісінше моншаға түскен соң жазыламын", - дейді ақсақал.

Сепболсын Ақашев қыста көлдегі суға түсе беретінін айтады. Алайда одан кейін міндетті түрде  жылы жерде отырып, ыстық шай ішеді. Бұл да әдет болып кетті, дейді ол.

Ақсақалдың бір күні

Сепболсын Ақашев жаттығуды таңғы сегізде бастайды. Ол үшін кейде 5-те, кейде сағат 6-да тұрады. Күнделікті 8 сағат ұйқыны жібермейді.

Қыс мезгілінде бір сағат, ал жаз бен күзде үш сағат жүгіреді. Сепболсын атамен кездескен кезде далада 10-12 градус аяз болды. Алайда ақсақал мұны өзі үшін жылы ауа райы деп есептейтінін атап өтті.

"Бүгін минус 10-11 градус болып тұр. Бұл суық емес. Желмен қосқанда – 12 градус. Астанада жүгірген кезде суықты сезесің, ол жерде -33, -35 градус болады. Желмен қосқанда - 40 градусқа барады. Мұндай жағдайда денеңді тілгендей сезіледі. Сондай кезде рахат алып жүгіресің", - дейді ақсақал.

Айтуынша, қандай істі бастар алдында содан рахат алуды ойлау керек. Сондай-ақ, тамақты көп ішпеуге кеңес берді.

Сепболсын Ақашев жарты ғасыр бойы жүгірумен айналысса да, ешқандай марафонға қатыспаған.

"Менің жүгіру ырғағым басқа. Ол жерде жүгіріп, жарысу керек. Ал бұл жерде өз еркіммен жүгіремін. Қаласам жай жүгіремін", - дейді ол.

Ол денсаулықты жақсарту үшін жүгіретінін жасырмады. Айтуынша, мұның бір себебі – қартайған шағында төсек тартып жатпау.

"Алланың берген күнінен артық жасай алмайсың, алайда менікі ауырып жатпаудың амалы. Төсек тартып жатпаудың бір жолы", - дейді Сепболсын Ақашев.

Аяз бен боранда жүгіреді

Он жыл бұрын зейнетке шыққан Сепболсын ата массажист болып жұмыс істеген. Ақсақал жалаңаштанып жүгіргісі келетіндерге оны көктемде бастауды ұсынды.

"Жалаңаш жүгіргісі келетіндерге алдымен киіммен жүгіруді ұсынамын. Одан кейін көктемде бастау керек. Жүгірген кезде адамның екінші тынысы ашылады. Оның өзінің нақты уақыты жоқ, әркімде әртүрлі уақытта пайда болады. Көп адам екінші тыныс ашылғанша шыдамайды, тастап кетеді. Менің екінші тынысым ашылуы үшін кемінде 200-300 метр жүгіруім керек. Екінші тыныс ашылса, сөйлесіп, жүгіріп кете беремін", - дейді ақсақал.

Айтуынша, көп ауруды жүгірумен емдеуге болады.

© Sputnik / Тимур БатыршинСепболсын Ақашев 50 жылдан аса уақыттан бері жүгірумен айналысады
Қысы-жазы жалаңаштанып жүгіретін ақсақал індеттен қалай қорғанып жүргенін айтты - Sputnik Қазақстан
Сепболсын Ақашев 50 жылдан аса уақыттан бері жүгірумен айналысады

Сепболсын Ақашев төрт шақырым жүгірген соң жаттығу жасайды. Жаттығудың арасында бір айналым жасап, жүгіріп отырады. Әр жаттығуға 3-4 минут уақыт жұмсайды. Екі келі гір тасын көтеріп жүреді.

"Гір тасын алып жүгіргісі келетіндер бірден бір келілік тастан емес, 150-200 грамнан бастағаны дұрыс. Спортшылар 3-4 келіге дейін ұстап жүгіреді. Тыныс алу мен жаттығу екеуі үйлесіп тұру керек", - деп түсіндірді ол.

Сепболсын Ақашевтың айтуынша, кез келген адам киімсіз жүгіре алады. Бірақ жүгіру техникасын меңгеру қажет.

"Бастысы қысы-жазы тоқтамау керек. Жаңбыр жауа ма, қар жауа ма, боран бола ма, тоқтамаймын. Қыста тауға шықпаймын, қорқамын. Жазда таудың етегіне жүгіріп барып, қайтып келемін. Жоғары жағына бармаймын. Жасым келіп қалған адаммын. Адам өзін білуі керек. Жүгіріп жүрмін деп басқа дүниеге ұрынбау керек", - дейді ата.

Айтуынша, жазда Дубайда жүгіріп көрген. Бірақ ол жақта жейдесіз жүгіруге болмайтындықтан, қиналып қалғанын айтты.

Жиырма күн аш жүреді

"Қазір жастар да, егде жастағы кісілер де жүгіруге көп келеді. Қыста төрт шақырым жүгіремін, ал елорда мен Көкшетауда жарты сағаттан артық шыдай алмайсың. Бірде 36-37 аязда да жүгірдім, желмен қосылып, 40 градус болып тиеді", - дейді Сепболсын ата.

Айтуынша, жүгіруден кейін міндетті түрде жылы киіну керек. Үйге барған соң ыстық шай ішеді. Мүмкіндік болса, таңертең тамақ ішпеу керек.

"Бассейнге де баратын едім, бірақ пандемия кезінде қорқамын. Суға түсетін жерінде бірнеше адам қатар жүреді. Біреу ауру болса, жасымыз келген ғой, жұқтырып алам ба деймін. Жалаңаш жүрмін, маған ауру тимейді деген өтірік. Барлық адамға ауру жұғады, барлық адам суықтайды", - дейді ақсақал.

Оның айтуынша, тыныс алу жағы мен денені қимылдату техникасы үйлесуі керек.

"Ешкім оны бірден үйрене алмайды, уақыт керек. Адам оған бір жыл, алты ай бойы дайындалуы мүмкін. Содан кейін жылына бір рет 15-20 күн аш жүру керек. Тек су ішіп жүріп те талай ауруды жеңуге болады", - деп түйіндеді Сепболсын Ақашев.

Алайда пандемия басталғалы денсаулығына алаңдап, аш жүруден бас тартқан.

Жаңалықтар
0