Өңірлер

"Мойнымнан қылқындырды": Оралда қауіпті қылмыстық топ ұсталды

© PhotoАрхивное фото наручников
Архивное фото наручников - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Күдіктілер өз кінәсін мойындады. Айыптары дәлелденіп жатса, олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Оралда такси жүргізушілерін сабап, көлігін тартып алып жүрген қарақшылар ұсталды.

Қылмыстық топ ұрланған көлікті Атырауда сатпақ болған жерінде қолға түсті. Күдіктілер осы уақытта қамауда отыр, деп хабарлады "Астана" арнасы.  

"Мойнымнан қылқындырды. Содан кейін алдыңғы орындықта отырған жігіт екі-үш рет жұдырықпен ұрып жіберді: "Пышақ қайда?", - деп айқайлады. Сол кезде талып бара жаттым. Содан мыналар өлтіріп тастайтын сияқты, бұлардан құтылу керек деп ойладым. Қашып құтылдым, көлігімді айдап кетті", - дейді жәбірленуші Қайырбек.

Жолдан мінген жігіттердің жаналғыш жендет екенін Қайырбек кейін білді. Ауыр соққыдан кейін есін әрең жиыпты. Басында ол қарақшылар ұстатпай кетеді деп ойлаған.  

"Көлігімді таба алмайтын шығар деп ойладым. Қазақстанда тіркеуде жоқ, ресейлік көлік. Төрт күннің ішінде тауып берді, "опер" жігіттерге рақметімді айтамын. Көлікті Атырау облысынан тапты, жуып-тазалап қойыпты, сатпақ болған ғой. "Кешірім бермеймін, сотталсын!" деп айттым", - дейді ол.

Автоұрыларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Екеуі де, тепсе темір үзетін 21 жастағы жігіттер. Ұсталғанда қылмыстық топтан суық қару және бірнеше көліктің мемлекеттік нөмері табылған.

"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бұл азаматтардың шамамен он автокөлік ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Тергеу барысында олардың қасында жүрген үшінші азамат қолға түсті", - дейді Нұрлан Бисенов, орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары.

Көліктен қашып шыққан: Түркістан облысында таксисті өлтіріп кетті

Полиция күдіктілердің өз кінәсін мойындағанын айтады. Айыптары дәлелденіп жатса, олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 Оралда жыл басынан бері 87 көлік ұрланған. Солардың төртеуі әлі іздестіріліп жатыр. Ұрланған көліктің көбісі Ресейден әкелінген және жергілікті тіркеуге тұрмаған. Тәртіп сақшыларының жұмысын осы қиындатады. Мұны қарақшылар да біледі. Сондықтан олар, сайда саны, құмда ізі жоқ осындай көліктерді аңдиды екен.

Жаңалықтар
0