Өңірлер

Сот залына сыймай кетті: Қордай оқиғасына қатысқан 51 адам жауапқа тартылады

© AP Photo / Martin MejiaАрхивное фото человека в наручниках
Архивное фото человека в наручниках - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осы жолы сот отырысы тергеу изоляторында өтті, ол үшін арнайы залды жасақтауға тура келді

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Таразда Қордайдағы тәртіпсіздіктер бойынша кезекті сот процесі басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Бұл - ауқымы жағынан ең үлкен сот процесі. Отырыста зардап шеккен 366 адамның арыз-шағымы қаралып, 51 сотталушы жауапқа тартылып отыр. Осы жолы сот отырысы тергеу изоляторында өтті. Ол үшін арнайы залды жасақтауға тура келді. Қатысушылар ПТР-анықтаманы алып келуге міндеттелді. Сонда да барлығы бірдей залға кіре алмайды.

"Бізге төлқұжатты нотариуспен растаңдар деді. Жасадық. Сосын коронавирусқа ал деді. Қан алады екен. Одан кейін тілден алды. Куәлік деді. Алдырдық. Екі адамға алып келдік, кірмейсіздер деді, ешкім кірмейді деді", - дейді айыпталушының туысы Нұрболат Тергеуісов.

Сот отырысы өткен тергеу қақпасын күш құрылымдары қоршап, жолды қос қапталдан бөгеп тастады. Қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Ал ақпарат құралдары сот отырысын онлайн бақылауға мәжбүр болды.

Айыптау актісін оқуға бірнеше сағат кетті. Сотталушылардың көбісі кінәсін мойындамады. Он адамға кісі өлтіру сынды ауыр айып тағылса, қалғандары жаппай тәртіпсіздік, қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену, сақтау, қорқытып алу, қарақшылық үшін айыпталып отыр.

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік

Жамбыл облысының Қордай ауданында 7 ақпанға қараған түні жаппай төбелес болды. Қайғылы оқиға салдарынан он бір адам көз жұмды.

Өрттің салдарынан тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар, сондай-ақ автокөліктер бүлінді.

Кейіннен 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатқандығы белгілі болды. 1 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Жетеуі сотталды

Қыркүйектің соңында Алматы горнизонының әскери сотында Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан бірнеше адамға қатысты үкім шығарылған болатын. Сотталған бір азамат әскери қызмет атқарған. Сол себепті осы қылмыстық істер әскери сотта қаралды. Жауапқа жеті адам тартылды. Олар: Ерлан Бұралқынов; Алмат Тілеуғалиев; Ұлан Атанбаев (әскери қызметші); Абзал Нұраханов; Мырзағали Дүйсенбаев; Рүстем Бежібаев; Бақытбек Ибрагимов.

Сот үкіміне сәйкес, Ерлан Бұралқынов, Алмат Тілеуғалиев пен Ұлан Атанбаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Рүстем Бежібаев төрт жылға, Мырзағали Дүйсенбаев бес жылға сотталды. Бесеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа дәрежедегі мекемеде өтейді.

Ал сот Абзал Нұрахановқа 8 жыл берсе, Бақытбек Ибрагимов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алғашқысы жазасын қауіпсіздігі аса жоғары мекемеде, екіншісі қауіпсіздігі максималды колонияда өтейді.

Бұдан бөлек, сотталғандардың әрбіреуі зардап шеккендердің қорына 20 АЕК көлемінде ақша аударып беруге міндеттелді.

Жаңалықтар
0