АЛМАТЫ, 4 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында азаматтарға кешкі сағат тоғыздан кейін үйден шықпау ұсынылды. Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусинаның облыс аумағындағы карантиндік шектеу шараларына байланысты қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаулыға сәйкес, шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге, азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға баруды қоспағанда барлық тұрғынға, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға сағат 21.00-06.00-ге дейін үйінен шықпау ұсынылды.
Сонымен қатар облыс аумағында жол жүру құжатын, тауар құжатын, іссапар қағазын, медициналық мекемеге жолдаманы, редакциялық тапсырмаларды растайтын құжат көрсеткен кезде санитарлық бекеттерден кедергісіз кіріп/шығуға рұқсат беріледі:
- медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және шығатын адамдарға;
- транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларына;
- вахта қызметкерлерін тасымалдайтын автокөліктерге;
- Covid-19 таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларға тартылған көлік пен адамдар, ұйымдарға;
- өңірдің тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарға;
- ПТР әдісімен Covid-19 тестілеуінің теріс нәтижесі бар, оны алған сәттен 30 тәуліктен аспаған анықтама болған жағдайда, Ақмола облысында тұрмайтын адамдарға;
- Көкшетау және Степногорск қалаларының тұрақты тұратын жеріне оралған тұрғындарға;
- қызметтік куәлігін көрсеткен аумақтық сайлау комиссиясының өкілдеріне.
Қаулының толық мәтінін мына жерден оқуға болады.
Айта кетейік, Қазақстанда пандемия басталғалы 134 706 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 2 063 адам қайтыс болды. Бірінші тамыздан бастап 42 680 адам пневмонияға шалдықты, 448 адам қайтыс болды.
Өткен тәулікте Ақмола облысында 90 адам COVID-19 жұқтырды.