НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов "Грэмми" сыйлығына үміткер Иманбек Зейкеновпен кездесті. Өңір басшысы музыкантқа қолдау көрсетуге уәде берді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Imanbek Remix деген лақап атпен танымал Иманбек Зейкенов өңір басшысына өзі туып-өскен Ақсу қаласында ата-анасымен бірге тұрып жатқанын айтты. Биыл бозбала Торайғыров университетіне оқуға түсіпті, қазір қашықтан оқып жатыр.
"Грэмми" сыйлығының жеңімпаздары 2021 жылдың 31 қаңтарында жарияланады. Ал музыкант танымал әлемдік әртістермен бірлесіп, ортақ жоба дайындап жатыр.
"Бәріміз сен үшін жанкүйер боламыз. Сен біздің өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның нағыз мақтанышысың. Қажет болған жағдайда біз кез келген көмекті көрсететінімізге сенімді бол", - деді Әбілқайыр Сқақов.
Музыкант әкімге алғысын білдіріп, қазіргі танымал "Roses" ремиксін жасау үшін бар болғаны 2 сағат 20 минут кеткенін айтты.
"Бұрын музыка саласында бәрін байланыс пен ақша шешеді деп ойлайтынмын, бірақ өзіме қарап, бұлай емес екеніне көзім жетті. Шын мәнінде басында менің жолым болып кетті деуге болады, кейін менімен әріптестік орнатқан лейбл жігіттерімен көп жұмыс атқардық. Музыканы жазу барысында адамдар оған қалай билейтінін, әуен қандай эмоция тудыратынын елестетемін", - деп ой бөлісті Иманбек.
Өңір басшысы диджейге әрдайым жетістікке сенуді және өз бетінше биіктерге қол жеткізген қарапайым жігіт болып қалуды тіледі. Әбілқайыр Сқақов музыкантқа өзінің телефон нөмірін беріп, қажет болған жағдайда қоңырау шалуды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Әп-сәтте жұлдыз болған ақсулық жігіт әлемдік премияға ұсынылды
Иманбек Зейкенов – 20 жастағы ақсулық диджей және музыкалық продюсер. Оған Saint jhn "Roses" әніне жазған ремикс үлкен танымалдық әкелді. Бұл трек "Үздік ремикс" номинациясында 2020 жылғы Грэмми сыйлығына ұсынылды.