Өңірлер

Маңғыстау әкімі Бозжыра шатқалында қонақ үй салуға қатысты ойын айтты

© Photo : Официальный сайт акимата г Актау Аким Мангистауской области Серикбай Трумов
 Аким Мангистауской области Серикбай Трумов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Серікбай Тұрымов Божырада туризмді дамыту үшін қонақ үй салу қажет деп есептейді. Жоба қоғамдық кеңесте талқыланып жатыр

АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Бозжыра шатқалында туризмді дамыту үшін қонақ үй салу қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.   

"Маңғыстау өңірі Қазақстанда туризмді дамытуға қолайлы он өңірдің бірі болып есептеледі. Туристерге тарихи орындарды таныстыру, табиғаты әсем жерлерімізді көрсетуге қатысты біздің де жоспарларымыз бар. Осыған байланысты Шерқала, Айрақты, Жығылған, Бозжыра сияқты ерекше орындарды туристерге таныстыру жұмыстарын жоспарладық. Бозжыра шатқалында қонақ үй салу мәселесі – инвесторлардың ұсынған жобасы. Бұл жобаны қоғамдық кеңесте қоғам белсенділерімен бірге талқылап жатырмыз. Ол жердегі туризмді ұйымдастыру үшін бұл қонақ үй өте қажет", - деді Тұрымов.

Әкімнің айтуынша, Бозжыра шатқалына қарай жергілікті бюджет қаражатына жол мен автотұрақ салынады.  

"Бозжыра маңындағы табиғи аймақты тамашалауға келетін туристерге жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты қоғамдық кеңесте қоғам белсенділерімен талқылап, іске асырамыз", - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Серікбай Тұрымовтың айтуынша, қонақ үй құрылысы басталған күннің өзінде, ол Бозжыраның дәл жанынан салынбайды. Бозжырадан 1,5-2 шақырым жерде болуы мүмкін.

"Бұл үлкен, көпқатарлы қонақ үй болмайды. Қазақы нақыштарды қосу туралы ұсынысымыз бар. Жоба жасақталғаннан кейін, қоғамдық тыңдауға тағы да шығарамыз", - дейді Тұрымов.

Оқи отырыңыз: Берік Уәли президенттің Бозжыраға қатысты тапсырмасын түсіндірді 

Айта кетейік, қазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы Бозжырада қонақ үй салуға жаппай наразылық білдірді. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны қайта қарауды тапсырған болатын.

Одан кейін президенттң баспасөз хатшысы Берік Уәли Маңғыстау облысындағы Бозжыра табиғи қорығында қонақ үй салу мәселесіне қатысты мемлекет басшысының тапсырмасын түсіндірді. Айтуынша, енді эколог сарапшылардың пікірі ескеріле отырып, қонақ үй салуға басқа ыңғайлы жер таңдалады.

Жаңалықтар
0