НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өңірде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Коронавирус алғаш тіркелген сәттен бері 14 402 адам вирус жұқтырды. Бүгінде облыс ауруханаларында 659 адам жатыр. Аптасына орташа өсу қарқыны 1,7 процентті құрайды", – деді Ахметов онлайн брифингте.
Сондай-ақ оның айтуынша, оқу жылы басталғаннан бері облыста 410 оқушы індетке шалдыққан. Оның ішінде 291 оқушы қашықтан, 119 оқушы 93 мектепте штаттық режимде оқыды.
Вирус табылғаннан кейін барлық мектеп жабылып, оқушылар қашықтан оқытуға ауыстырылған.
Ахметов инфекция, көбіне, үй жағдайында жұққанын атап өтті.
"Қазір ауруханаларда бірде бір оқушы жатқан жоқ", – деді өңір басшысы.
Оқи отырыңыз: Пышақ ұстап, ауылдастарының үйіне келді: ШҚО тұрғыны ұлы үшін кек алмақ болды