Өңірлер

Алматы облысында құжаты жоқ ауылдың тұрғындары жанайқайын жеткізді

© Sputnik / Евгений Епанчинцев / Медиабанкке өтуМужчина несет воду в ведрах по улице села, архивное фото
Мужчина несет воду в ведрах по улице села, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Байтөбе ауылындағы 150 отбасы бір жылдан астам уақыттан бері суды сатып алып ішеді. Тұрғындар апта сайын су тасушыны күтеді

АЛМАТЫ, 18 қараша – Sputnik. Алматы облысында ауыл тұрғындары қарды ерітіп күн көріп отыр. Жергілікті әкімдік халыққа көмектесе алмайтындарын айтты, себебі құжат бойынша мұндай елді мекен жоқ, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Байтөбе ауылының тұрғыны Айсұлу Қантаева қыс түскеніне қуанып отыр. Ол қазір қарды ерітіп, ыдыс пен кірді сол суға жуады. Айтуынша, күніне 20 кәстрөл қарды ерітуге болады.

Ал жазда ауылда су мүлдем болмайды, сондықтан қатты қиналатынын жеткізді.

"Айына суға 15-20 мың теңге кетеді. Бұл – өте қиын. Отбасымда тек күйеуім ғана ақша табады. Тұрып жатқан үйіміз үшін кредит төлейміз. Төрт балаға алатын жәрдемақының тең жартысын су сатып алуға жұмсаймыз. Сатып алынған суды ішуге ғана пайдаланамыз. Кір, ыдыс жуу үшін қарды еріту керек", - дейді әйел.

Байтөбе ауылындағы 150 отбасы бір жылдан астам уақыттан бері дәл осындай жағдайда тұрып келеді. Ауыл тұрғындары апта сайын су тасушының келуін күтеді. Алдын ала бөтелке мен шелектерін дайындап қояды. Жергілікті тұрғындар ауылға су тарту үшін белгілі бір компанияға ақша төлегендерін айтты. Алайда нәтиже болмаған.

"Біз ол адаммен 2019 жылдың қыркүйегінде таныстық. Ол бір айдан кейін, қазанда су жеткізуге уәде берді. Су жеткізу үшін әр отбасыдан 170 мың теңге қажет екенін айтты. Алайда әркім шамасы келгенше берді. Мысалы, кей отбасы бірден 170 мың теңге берді, енді бірі 50 мың, 100 мың теңгеден қолына ұстатты. Шамамен 5 миллион теңге жиналды. 2019 жылдан қазірге дейін жұмысты бір аптадан кейін бастайтынын айтып келе жатыр", - дейді жергілікті тұрғын Молдахмет Тұрдақынов.

"Тоқаев бізді көре ме?": астананың қақ ортасындағы "ауылдың" өмірі - фото

Ауыл тұрғындарының айтуынша, құрылыс компаниясының басшысы байланысқа шықпай отыр. Кеңсесі де босап қалған. Нәтижесінде елді мекен тұрғындары сусыз және ақшасыз қалды. Қазір ауыл тұрғындарын су тасушы құтқарып отыр, бірақ көп ұзамай олар осы су көзінен де айырылады. Салынып жатқан күрежол ауылға апаратын жалғыз жолды жабады.

Ауыл тұрғындары әкімдіктен көмек сұраған. Алайда шенеуніктердің айтуынша, құжат бойынша Байтөбе ауылы мүлде жоқ. Ол саяжай аумағы орнында пайда болған.

"Егер ол жер саяжай кооперативі болса, олардың төрағасы бар. Олар бірігіп, сол жерде үй салды. Енді олар заң бойынша инфрақұрылымды және өздерін толық қамтамасыз етуі тиіс", - дейді Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов.

Соған қарамастан әкімдік бұл мәселені шешуге уәде берді. Ауыл тұрғындарына полицияға хабарласып, коммуналдық компанияға арыз жазуға кеңес берді.

Жаңалықтар
0