АЛМАТЫ, 17 қараша – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алдағы екі апта ішінде Жаңа Алматы жолдарында жөндеу жұмыстарының аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Осылайша, мегаполистегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ке дейін жетеді.
"Өткен жылдағыдай жұмыстың басым бөлігі Жаңа Алматыда жүргізіліп жатыр. Қаланың ықшам аудандарына айналған бұрынғы ауылдардың тұрғындары көлік және жаяу жүргінші жолдарының жоқтығы туралы бірнеше рет мәселе көтерген еді", - деп жазды қала басшысы Instagram парақшасында.
Сағынтаевтың айтуынша, бұл мәселені шешу 2019 жылы қолға алынды. Орталықтан алшақ жатқан тұрғын аймақтарын инфрақұрылымдық жағынан қайта жаңғырту үшін бюджет нақтыланып, қаржы бөлінген.
"Алдағы екі аптада жол жөндейтін жұмысшылар осы жылға жоспарланған жұмыс көлемін аяқтауы тиіс", - деп жазды Сағынтаев.
Айта кетейік, 2020 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде шеткі ықшам аудандардағы 177 көше де жөнделді.
Қазір ұзындығы 18 шақырым болатын 18 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар биыл ұзындығы 47,8 шақырым болатын 177 көшеде жаңа жолдар салынып жатыр. Ұзындығы 35 шақырым 144 көшедегі жолдардың құрылысы аяқталды.
Жыл соңына дейін ұзындығы 12,8 шақырым болатын 33 көшеге жол салу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.