Өңірлер

Ертеңнен бастап Қазақстанның тағы бір облысында жаңа шектеулер енгізіледі

© AP Photo / Andy WongБетперде ұстаған қыз, архивтегі сурет
Бетперде ұстаған қыз, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері "Облыс бойынша шектеу, соның ішінде карантиндік шаралар туралы" қаулысын жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. 2 қарашадан бастап Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңа шектеу шаралары күшіне енеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыс әкімдігі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Әлия Әбдіқайымованың 31 қазандағы "Облыс бойынша шектеу, соның ішінде карантиндік шаралар туралы" қаулысын жариялады.

Қаулыда тұрғындарға дәрігерлерді жұмыста жүргенде суретке және видеоға түсіруге, сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымдарында фото/бейне түсірілім жасауға тыйым салынатыны айтылған.

"Денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел медициналық жәрдем машиналарында, жергілікті атқарушы органдар карантин үшін айқындаған үй-жайларда, сондай-ақ медицина қызметкерлері үйде медициналық көмек көрсету, ошақта эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізу, науқастардан және байланыста болған адамдардан сұрау және сауалнама алу кезінде аудио, фото және бейне түсірілім жүргізуге тыйым салынады", - делінген қаулыда.

Әбдіқайымова жаңа норманың енгізілу себебін әзірге түсіндірген жоқ.

Сондай-ақ, бас санитарлық дәрігердің кезекті қаулысымен мыналар жанданды:

  • бір мезгілде 30 адамнан асырмай, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, облыстық командаларды даярлау үшін оқу-жаттығу жиындары;
  • сенбі күндері 9.00-ден 22.00-ге дейін сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің (бутиктер), сауда желілерінің жұмысы. Нысан іші тек 30%-ке толып, бір келушіге 4 шаршы метр аумақ сақталуы тиіс;
  • кинотеатрлардың қызметі сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін (толтырылуы 30%-дан аспайды, infokazakhstan.kz порталында тіркеле отырып, маска режимін, шахмат тәртібімен отырғызуды, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып).

Ойын-сауық, спорттық шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, еске алу шараларын, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынып отыр.

Ойын-сауық мекемелері (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар және басқалар), букмекерлік кеңселерге жұмыс істеуге рұқсат етілген жоқ.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді

Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметі шектелді.

Фудкорттар мен банкет залдары да әзірге жабық болады.

Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, жексенбі және мереке күндері азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, сауда ойын-сауық орталықтарының, аумағы 2000 және одан да көп шаршы метрден асатын сауда нысандарының жұмысы тоқтатылады. Азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарлары да жабылады.

Санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қала маңына қатынайтын жолаушылар пойыздарының қозғалысына рұқсат етіледі.

Жаңалықтар
0