НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Нұрлан Таубаев Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босату туралы арыз жазғанын және өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның адвокаты Игорь Вранчев өзінің Facebook парақшасында шенеуніктің үндеуін жариялады. Онда Нұрлан Таубаев 22 қазанда Атырау облысы әкімінің атына арыз жазып, өзін бірінші орынбасар қызметінен босатуды сұрағанын айтады.
"Бірақ бұл шешім тергеліп жатқан іс бойынша менің қандай да бір айыптарды мойындауыма байланысты емес. Мен кінәлі емес екенімді дәлелдеуге мүдделімін. Себебі маған тағылған айыптардың біреуін де жасаған жоқпын", - дейді Таубаев.
Шенеунік жұмыстан кету туралы арыз жазудың себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, облыс әкімінің бірінші орынбасарына біраз міндет жүктелген. Соның ішінде мәжіліс мен мәслихаттардың сайлауын өткізу шаралары да бар.
"Тергеу кезінде мен бұл жауапты қызметті атқара алмаймын. Сосын әкім мен әріптестерімнің атына күдік көлеңкесі түспесін деп, осындай шешім қабылдадым", - деп атап көрсетті Таубаев.
Таубаев не үшін ұсталды
10 қыркүйекте Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың ұсталғаны туралы хабар тараған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеуніктің қамауға алынғанын хабарлады.
"Ақ Жайық" басылымының мәліметіне сәйкес, Нұрлан Таубаевпен бірге облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров та ұсталған. Шенеуніктер 182 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталып отыр. Оларды елордадан Атырауға арнайы барған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бір топ қызметкері ұстап алған.
Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірінші орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді.