Өңірлер

Қызылорда облысында жайылып жүрген 700 қой жанып кетті: шығынды кім өтейтіні белгісіз

© Photo : ДЧС Северо-Казахстанской областиСтепной пожар на севере Казахстана
Степной пожар на севере Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі таңда шығын көлемін арнайы құрылған комиссия есептеп жатыр. Қырылған мал саны арта түсуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Қызылорда облысында 700 бас асыл тұқымды қой, жайылып жүріп жанып кетті. Тағы бірнеше қозы күйіп қалған. Жаңақорған ауданындағы жағдайды жіті тексеруге арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды "АстанаТВ" арнасы.

Ресми дерек бойынша, "Түгіскен" шаруа қожалығы күріштік алқабын өртеген. Жалын сол жерде жайылып жүрген "Ынтымақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малына қарай ұшқан. Шопан оттың лезде күшейгенінен қорқып, өзі бас сауғалап қашқанын айтады.

"Малды осы жерге дейін қуып келіп, игере алмай қалдым. Маңайдың бәрін өрт басып кетті да, малды тастап өзім қашып кеттім", – деді шопан Сәбит Әуелбеков.

Серіктестік асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысады. 25 жыл бойы жиғаным күлге айналды деген құрылтайшы, шығынға шаш етектен батқанын жеткізді.

"Аналық бастың кемі алпыс мың теңге ғой. Асыл тұқымды қой. Тоқты бар оның ішінді 500 бас тоқты бар тұғын. Бәрі семіз күйікке түсуге дайын тұрған. 90 мыңнан қошқар әкеліп қосқанбыз, олар да жанып кетті", – дейді "Ынтымақ" ЖШС құрылтайшысы Мейіржан Құтыбаев.

Күріш алқабының қожайындары, жиын-терімнен кейін жерді тазалау мақсатында алқапқа от қойыпты. Олар отар қойдың жайылып жүргенін де көрген. Бірақ мұның соңы бұлай болады деп ойламаған.

"22-23-іне қарай жауын бар деген. Сол үшін біз тез өртеп, зәкке дайындауымыз керек болған. Мысалы анау алтыншы картада от қойған. Мал бірақ мына жақта болған, шығар деп ойлаған. Сол екі арада жел күшейіп кеткен. Әйтпесе, дәл мал жатқан атызға ешкім әдейіліп от қоймаған", – дейді "Түгіскен" шаруа қожалығының төрағасы Ғабит Иасев.

Қазіргі таңда шығын көлемін арнайы құрылған комисссия есептеп жатыр. Күйік шалған төлдердің есебінен қырылған мал саны артуы да мүмкін. Ал оны кім өтейтіні қазірше белгісіз.

"Егер сот шешімі өтелуге тиіс деп қабылдайтын болса, онда бюджеттің арасынан өтеледі. Бұл алдын ала ескертілді. Сол жерде мал жаюға болмайды деген. Өрт қойылады деген хабар да бар. Егер де ескертпей, оның малын алып кетуге мүмкіндік бермей өртеп жіберген болса екінші жақ, бұның бәрін аудандық ішкі істер бөлімі шешеді", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.

Оқи отырыңыз: Орман өртеніп, 70-тен астам адам тірідей жанып кетті — видео

Қазіргі кезде егіс алқабында мал өлекселерінен тазалау жұмыстары жүргіліп жатыр. Ал олардың арнайы орынға емес, сол маңға көмілуі көпшіліктің көңілінін күпті етіп отыр.

Жаңалықтар
0