Өңірлер

Рекордтық мерзімде құрылысы аяқталған Түркістан әуежайында шу шықты

© Photo : @Aidos_Ukibay/twitterНурсултан Назарбаев принял участие в церемонии открытия международного аэропорта города Туркестана
Нурсултан Назарбаев принял участие в церемонии открытия международного аэропорта города Туркестана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жергілікті билік зардап шегушілер үшінші тараппен келісімшартқа отырғандықтан, кәсіпкерлерге көмектесе алмайтынын айтып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Түркістандағы халықаралық әуежайдан тағы да шу шықты. Бұл жолы осындағы қосалқы мердігерге техникаларын жалға беріп, бірнеше айдан бері өздеріне тиесілі ақшасын ала алмай жүрген жергілікті кәсіпкерлер шағым айтты. Жұмыс берушінің тұрғындар алдындағы берешегі бірнеше миллион теңгеден асады. Егер жағдай ушыға берсе, іс сотқа жетуі мүмкін, деп хабарлайды 24.kz.

Өздеріне тиесілі ақ-адал ақшасын ала алмай жүрген жергілікті кәсіпкерлер қара жұмыстың бәрін жасағанымен, алақан жайып, ақшасыз отыр.

Олар наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген "АБС" деген қосалқы мердігер компаниямен келісімшартқа отырып, өз техникаларын жалға берген. Соның нәтижесінде 30-дан аса тұрғын жұмыспен қамтылған. Қосалқы мердігер алғашқы айларда жартылай болса да ақысын төлеген. Ал соңғы 3 айдың көлемінде соқыр тиын да бермепті. Құрылыс нысанындағы жұмыс әлдеқашан біткен. 

"Менің екі эксковаторым жұмыс істеді күндігіне 80 мың теңгеге келіскенбіз. Бірінші 1 миллион теңге аударып берді. Уақыт өте тағы бір аударды. Одан кейін төлем болмады. Тоқтап қалды. Содан бері ертең, арғы күні деп әлі созып келеді. Маған 3,5 миллион теңге қарыз. Жүргізушілерім де айлық алмады. Бала-шағасы бар. Олар менен сұрайды, мен бұлардан сұраймын", – дейді жеке кәсіпкер Сәкен Айнабаев.

Эксковатор айдаған Ағабек Молдабаев та 550 мың теңге көлемінде ақшасын ала алмай жүргенін айтады.

"Мердігер компания осы жерде тұрған кісілерге біреуіне 10 миллион, енді біреуіне 5 миллион, жалпы 40 миллион теңге қарыз", – дейді ол.

Әрқайсысының қолында ресми келісімшарт пен атқарылған жұмыстың есебі бар оннан аса кәсіпкер мен отыз шақты жұмысшы алаяқ мердігердің уәдесіне әбден тойған. Тіпті маңдай тер, еңбекақысын сұрап хабарласқандардың телефонын көтермейді. "Көтерсе де, мардымды жауап ала алмаймыз" дейді ашынған тұрғындар. 

Халықаралық әуежайдың бас мердігері – түріктің "ИДА ИНШААТ" компаниясы. Облыстық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, оның құрылысшылар алдында ешқандай қарызы жоқ. Бар мәселе қосалқы мердігер "АБС" компаниясынан шығып отырған көрінеді.

Оқи отырыңыз: Полиция Түркістан облысында болған оқиғаға қатысты ақпарат берді

"Тексере келе анықталғаны, "ИДА ИНШААТ" компаниясында "АБС" деген астаналық компания қосалқы мердігер болған. Олардың арасында ешқандай берешек жоқ. Яғни "ИДА ИНШААТ" компаниясы қосалқы мердігерге атқарылған жұмыс актісіне сәйкес барлық қаржысын төлеген. Алайда "АБС" компаниясы басқа да мекемелерді жұмысқа тартқан. Ол өз тарапынан келімшарттың міндеттемелерін орындамай, қызмет көрсеткен адамдарға қаржысын бермей отырғаны анықталды. Біз олармен байланысқа шықсақ жауап бермейді", – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.

Мұндай жағдайда жергілікті билік кәсіпкерлерге көмектесе алмайтынын айтады. Себебі зардап шеушілер үшінші тарап, олар қосалқы мердігермен келісімшартқа отырған. Сондықтан мұны тек сот арқылы ғана шешу керек дейді.

Әуежай құрылысына қатысты рекордтық көрсеткіш

Қыркүйек айының соңына қарай ашылған әуежайдың жалпы ауданы – 905 гектар болса, ұшу-қону жолағы – 3 300х45 метр. Ал жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метр.

Қаладан 20 шақырым жерде орналасқан әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Әуежай ішінде арнайы тақтайша да орнатылған. Ол жерде "Түркістан халықаралық әуежайының құрылысы 2019 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен қолға алынып, 2020 жылы 28 қыркүйекте Елбасының арнайы қатысуымен ашылды" деп жазылған.

Сондай-ақ, жобаны іске асыруға шетелдік инвестиция тартылып, құрылыс рекордтық мерзімде аяқталғаны белгілі.

Жаңалықтар
0