Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда алты елді мекен қатаң карантинге жабылды

© Sputnik / Тимур БатыршинБлокбекетте бетперде киген полицей, архивтегі сурет
Блокбекетте бетперде киген полицей, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елді мекендер әзірге он төрт күнге жабылған, ал Петропавл қаласын карантинге жабу мәселесі дәл қазір талқыланып жатқан жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында алты елді мекен, соның ішінде үш аудан орталығы қатаң карантинге жабылды. Петропавл қаласын әзірге жабу жоспарда жоқ. Бұл туралы облыстық тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті медициналық көмек сапасы мен тәуекелдерін бағалау бөлімінің басшысы Арман Көшбасов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік комиссияның 6 қазандағы хаттамасына сәйкес, соңғы екі апта ішінде ауылды елді мекендерде 3-5 және одан көп, ал аудан орталықтарында 7 және одан көп адам індетке шалдықса, карантин режимі енгізілетінін еске салды.

"Қазір үш аудан орталығы – Булаев, Явленка, Мамлютка және облыстың үш ауданында үш елді мекен – Шал ақын ауданында Повозочное, Тайынша ауданында Краснокиевка, Ақжар ауданында Ленинградское карантинге жабылды", - деді Көшбасов.

Айтуынша, елді мекендер әзірге 14 күнге жабылған.

"Бірақ, біз қазір вирус жұқтырғандардың көбейіп жатқанын көріп отырмыз. 14 күн өткен соң, қорытынды жасап, жағдайды бағалап, тек содан кейін ғана карантинді ұзарту немесе алып тастау туралы шешім қабылдаймыз", - деп түсіндірді ол.

Ал Петропавл қаласы коронавирус жұқтыру көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 50-ден жоғары болған жағдайда ғана карантинге жабылады.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай режимі қайта енгізіле ме?

"Қазір бұл көрсеткіш 18-ге тең. Бір апта ішінде қалада індетке шалдыққан 40 адам тіркелді. Облыс орталығын карантинге жабу мәселесі әзірге талқыланып жатқан жоқ", - деді санитарлық ведомствоның өкілі.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 16 қазан сағат 00:00-ден бастап карантин күшейтілетіні хабарланған еді.

Атап айтқанда, ойын-сауық сауда орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік пен азық-түлік емес дүкендер, қоғамдық моншалар мен сауналар түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Қоғамдық тамақтану орындарына тек 30 адамды ғана кіргізуге рұқсат беріледі.

Ұжымдық шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынған. Ал демалыс және мереке күндері тамақты шығару және жеткізу қызметі ғана ұсынылады.

Жаңалықтар
0