Өңірлер

Тараздағы "saparcard" атауы неге өзгерді?

© Sputnik / Евгений Самарин / Медиабанкке өтуСалон автобуса
Салон автобуса - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Сапаркардтың" өзгеруіне карта атауының Жамбыл облысының қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаевтың тегіне ұйқасып тұруы себеп болуы мүмкін

ТАРАЗ, 23 қыркүйек – Sputnik. Тараз қаласында қоғамдық көлікке электронды билеттендіру жүйесі енгізілгеніне бірнеше ай болды. Алайда пандемияға байланысты қажетті валидаторлардың Қытай шекарасында тұрып қалуы бұл жоспарды жүзеге асыруға кедергі келтірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Айта кету керек, Тараздағы жол жүруге арналған электронды карталар о баста "saparcard" деп аталғанымен, қазір "tulparcard" деп өзгерген. Бұл өзгеріске карта атауының Жамбыл облысының қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаевтың тегіне ұйқасып тұруы себеп болса керек. "Сапаркард" енгізілетіні туралы ақпарат шыққаннан кейін әлеуметтік желі пайдаланушылары мұндай ұйқастың тектен-тек емес екенін қызу талқылаған болатын. Алайда әкімдік өкілі мұны жоққа шығарды.

"Біз осы карталарды шығарар алдында бірнеше нұсқа болған. Нақты айтсам, жеті атауы болды. Тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, өз ұсыныстарымызды да айтқанбыз. Солардың арасында бірінші кезекте сапаркард болса, сауалнама нәтижесі бойынша "тұлпаркардқа" тоқталдық. Бұл айтарлықтай шығынға себепші болған жоқ", - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.

Оның айтуынша, электронды карталарды әзірлеген ресейлік компания алғашқы эскизді "сапаркард" деп ұсынғанымен, әкімдік ол карталардың атауы өзгергенін хабарлап, келісімшартқа өзгеріс енгізген.  

"Жалпы, Тараз қаласында 42 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынайды. Оның ішінде 10 тасымалдаушы компания осы жұмыстармен айналысады. Карантинге дейінгі уақытта 465 автобус қала ішіндегі жолаушылар тасымалын атқарып келді. Қазір автобустар қысқартылған режиммен жұмыс істеп отыр. Сондықтан жұмыс күндері қала бойынша 270 автобус рейске шығады", - деп түсіндірді Асхат Есенәлиев.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда көлік карталарының бағасы қымбаттайды 

Қала әкімінің орынбасары тараздықтар картамен толық қамтылатынын және карта жетіспеушілігі мәселесі туындамайтынын жеткізді.

"Қала ішіндегі қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесін енгізуге бюджеттен 94 миллион теңге бөлініп, көршілес Қытай елінен 310 стационарлы валидатор және кондукторларға арналған 500 валидатор сатып алынды. Қазір бұл валидаторлар толығымен орнатылды. Сонымен қатар, Ресейден тұлпаркард карталары жеткізіліп, қазір қолымызда 50 мың дана карта бар", - дейді ол.

Оларды қала бойынша 15 мекенжайда орналастырылған арнайы орындардан сатып алуға болады. Карта құны – 500 теңге. Ішінде бір реттік жол жүру құны – 65 теңге болады. Бүгінге дейін 10 129 карта сатылса, оның ішінде 9150 карта ересектерге, 2 мыңға жуығы оқушыларға арналған.

"Біздің есебіміз бойынша қала тұрғындарына тағы 100 мыңнан астам карта қажет. Қалада жалпы 73 600-ге жуық оқушы бар. Оқушыларды картамен толықтай қамтамасыз етеміз. Алдағы дүйсенбі, 28 қыркүйектен бастап барлық автобуста электронды төлем жүйесі енгізіледі. Бірақ он күн шамасында карта сатып алуға қосымша уақыт беріледі. Яғни, осы уақыт ішінде "тұлпаркард" карталарын сатып алмаған тұрғындар жол ақысы үшін екі еселенген тариф төлеуге мәжбүр болады", - деп түйіндеді Есенәлиев.

Жаңалықтар
0