Өңірлер

"Бәріміз өлеміз" деген әнші Кенталды полиция ұстап әкетті – видео

© Sputnik / Алексей Филиппов / Медиабанкке өтуАрхивное фото СИЗО
Архивное фото СИЗО - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы полициясы елдегі жағдайға байланысты мұндай видеоларды әзіл үшін де түсіруге болмайтынын атап өтті 

НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаменті әнші Талғат Кенжеболатовты (Кентал) не үшін ұстағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде полиция формасын киген ер адамның видеосы анықталған. Онда автор орыс тілінде "күйзеліске ұшыраған және қиындыққа тап болғандарға" үндеу жолдайды.

"Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске душар болса, жүрегі ауырса, жұмыста, отбасында қиындықтар туындаған болса... Біреуді несие қинауы мүмкін. Уайымдамаңыз. Бәрібір бәріміз өлеміз", - дейді ол.

Құқық қорғаушылар автордың кім екенін анықтады. Ол әнші және актер Талғат Кенжеболатов (Кентал) болып шықты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, видео халықтың полицияға деген наразылығын туғызған. Себебі әлеуметтік желі қолданушыларының көбісі оны шынымен де құқық қорғаушы деп ойлап қалыпты. 

"Алматы полициясы бұл видеодағы полиция формасындағы ер адам іс жүзінде ішкі істер органдарының қызметкері емес екенін хабарлайды. Кенжеболатовтың іс-әрекетіне қатысты жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі. Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына және қайғылы оқиғаларға байланысты қалыптасқан жағдай аясында әзіл үшін болса да мұндай үндеулер жасауға болмайды, әсіресе полиция формасын қолдануы орынсыз", - дейді полицейлер.

Әнші Кентал өзінің Инстаграмм парақшасында мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, видео төрт жыл бұрын түсірілген. Бірақ құқық қорғаушылар оны енді ғана байқап отыр. Әнші үйіне полиция қызметкерлері келгенін айтты.

Оқи отырыңыз: Тікелей эфирде ұсталған Ернар Айдардың ісіне қатысты Мейрамбек Бесбаев пікір білдірді 

"Үйіме екі полиция қызметкері мен қару асынған арнайы жасақтың екі өкілі келді. Мені ұстау хаттамасы болған жоқ. Соған қарамастан, полиция бөлімшесіне бару керек деді. Мен қарсылық білдірген жоқпын. Бірақ жол-жөнекей адвокатыма хабар бердім ", - дейді Кентал.   

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от KENTAL (@kentalkz)

Оның сөзіне қарағанда, адвокатты бөлімшеге кіргізбеген. Ал криминалдық полиция басшысы Еркін Ілиясұлының кабинетінде психологиялық қысым жасалған.

"Сені отырғызып тастаймыз деген сияқты қорқыту басталды. Сонда мен не істедім? Біреуге тіл тигіздім бе? Митингке немесе көтеріліске үндедім бе? Осыдан төрт жыл бұрын бір видеовайн түсіргенмін. Сол кезде ешкімді ренжітпеген сияқтымын. Енді, ол видео қайта шығып, мені іздей бастады", - деп түсіндірді әнші.

Әнші криминалдық полиция басшысымен келісімге келіпті. Алайда полициядағы тағы бір басшы жауап алып, істі сотқа жолдауға тапсырма берген.

Кенталды ішкі істер бөлімшесінде бес сағаттан астам уақыт ұстаған. Адвокатты екі сағаттан кейін кіргізіпті. Заңгер қылмыстың құрамын сұрағанда полицейлер оған тұщымды жауап бере алмаған көрінеді.

Жаңалықтар
0