НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Маңғыстау облысының шенеуніктері жаңадан салынып жатқан жолдың сапасын таспаға түсіріп, жұртшылыққа жариялаған тұрғындармен соттаспақ.
Бейнетүсірілімде жұрт асфальт жабындысын бір қолменен көтеріп, оның қалыңдығын көрсетіп жатқанымен, жергілікті әкімдік жүгінген сарапшылар жол барлық талапқа сай деп отыр, деп хабарлады КТК арнасы.
Ауылда салынып жатқан жолдардың сапасы туралы шу жергілікті атқамінерлерді әбден ашуландырған секілді. Үш бірдей ауылдың тұрғындары асфальт жабындыларын көтеріп, қалыңдығын көрсетіп жатқан бейнероликтер Қазнетке тараған. Онда жұрт 900 миллион теңгеге жуық мемлекет қаржысына салынған асфалттың сапасын сынады.
"Қайта жөндейсіздер": Көлгінов жол салушыларға ескерту жасады
Арнайы жүргізілген сараптама қорытындысы келесі аптада шығады. Бірақ жергілікті билік өздеріне сараптамасыз да сенімді. Қарапайым тұрғындардың уәжімен шенеуніктердің келіскісі жоқ. Тіпті әкімдіктің беделін түсіріп, ар-ожданына нұқсан келтірген тұрғындарды "сотқа тартамыз" деп ашулы отыр.
"Видеода 20 сантиметрге жуық асфальттың беткі жабындысы сынғаны көрінеді. Жалпы, асфальт төселгеннен кейін 72 сағат ішнде қатады. Тұрғын 72 сағат өтпей уәж айтқан, үлкен машина бұрылған қиылыстың асфальты сынып, осындай жағдай болып отыр", - дейді Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев.