Өңірлер

Алматы әуежайына жақын жерлер заңсыз берілген – тергеу басталды

© Sputnik / Тимур БатыршинПадение самолета под Алматы
Падение самолета под  Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Склярдың айтуынша, ережеге сәйкес, санитарлық қорғаныс аймағында тұрғын үй мен саяжай салуға болмайды  

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Алматыда Bek Air ұшағы құлаған жерде құрылыс нысандары заңсыз салынған. Бұл туралы апаттың алдын ала себебіне арналған брифингте үкіметтік комиссияның мүшелері мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, қазіргі кезде Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі әуежайға жақын Талғар ауданында жер учаскелерін заңсыз беруге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"2015-2019 жылдары Талғар аудандық әкімдігінің лауазымды тұлғалары қызмет бабын теріс пайдаланып, әуежайдың санитарлық аймағында жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, соның ішінде тұрғын үй салуға жер учаскелерін заңсыз таратқан. Ал санитарлық ережелерге сәйкес, санитарлық қорғаныс аймағында тұрғын үй мен саяжай салуға болмайды", - дейді Скляр.

Бұдан бөлек, үкімет қаулысы бойынша ұшу алаңынан төрт шақырымға шалғай жерде барлық құрылысты әуежай комиссиясымен келісіп салу қажет. Бірақ қазіргі нысандар комиссияның рұқсатын алмаған.

"Керек емес. Не істеп жатырсың?": Bek Air ұшқыштарының әңгімесі жарияланды

"Тергеу кезінде кінәлі адамдардың жауапкершілігі қаралады", - деп атап көрсетті Скляр.

Апаттың негізгі себебі

Бүгін үкімет комиссиясы Алматы түбіндегі Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау себебінің алдын ала болжамын жариялады.

"Ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы – негізгі себеп. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған", - деп мәлім етті вице-премьер. 

Комиссия ұшақтың сыртындағы қатып қалған мұзды еріту жұмыстары жартылай ғана жасалғанын анықтаған.

"Ұшақ командирі арнайы сұйықтықпен тек стабилизаторды ғана өңдеуге шешім қабылдаған. Ұшақтың қанаттары өңделген жоқ. Ол күні Атырауға ұшқан тура сондай ұшақтың да сырты сұйықтықпен өңделмегені анықталды", - деді Скляр.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түсті. Қазір ол есін жиды.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланады деген жоспар болған.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.

Жаңалықтар
0