Өңірлер

Ақтауда жазықсыз сотталған дәрігер: "Апаны жазғырмаймын, ісім судьямен болсын"

© Sputnik / Андрей Старостин / Медиабанкке өтуСот балғасы
Сот балғасы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақтауда бір тәулікке қамалған дәрігер өзінің жазықсыз жазаланғанын дәлелдеді

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Ақтауда ауруханаға келген әйелге әдепсіз сөйледі деп, бір тәулікке темір торға қамалған белгілі балалар хирургінің жазықсыз екені дәлелденді.

Апелляциялық алқа Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының Насуқан Отарғазиевке қатысты қаулысының күшін жойды, деп хабарлады КТК.

Шешуші сот отырысына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Насуқан Отарғазиевті қолдауға өңірдегі ондаған аурухананың дәрігерлері келген. Арасында денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де бар.

Тағы оқыңыз: Алматыда бірнеше жыл жазықсыз түрмеде отырған ғалым ақталып шықты 

Еске салсақ, Отарғазиев өткен айда "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша кінәлі деп танылған болатын. Міне, енді дәрігер тарапынан ешқандай әкімшілік құқық бұзушылық болмағаны анықталып отыр. Өйткені, сотқа жеткізілген бейнебақылау камерасындағы видеода ешқандай дыбыс жоқ. Оның үстіне, куәгерлер де дәрігер тарапынан әдепсіз сөздер айтылмағанын растаған. Енді балалар хирургі азаматтық сотқа шағымданып, моральдық шығын өндіре алады. Алайда, ақталған ақ халаттының өзін айыптаған әйелге еш өкпесі жоқ. Тек жазықтан-жазықсыз бір тәулікке абақтыға қамаған судьяға қатысты іс қозғатпақ.

"Апамыз үлкен кісі. Мүмкін, ана ретінде ашу үстінде бір-екі сөз айтқан болар. Ол кісіге тікелей ешқандай шағымым жоқ. Оған байланысты ешқандай да жеке іс қозғағым келіп отырған жоқ", - деп атап өтті балалар хирургі Насуқан Отарғазиев.

Дегенмен дәрігер өзін жазықсыз айыптаған судьяға қарсы шағым түсіретінін айтты.

"Ең бастысы, бірінші сотта шығарылған судьяның қаулысы, жазықсыз бір тәулікке абақтыға қамағаны үшін іс ашылатын шығар", - деп түйіндеді ол.

Жаңалықтар
0