Өңірлер

Нигерияның екі азаматы Шымкенттегі түрмеден "қазақ" болып шықты

© Sputnik / Болат ШайхиновТүрме, архивтегі сурет
Түрме, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шартты түрде бостандыққа шыққан нигериялықтар Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр

ТҮРКІСТАН, 30 қазан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкентте Нигерияның екі азаматы жалған ақша жасағаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылған. Олар жазасының бір бөлігін өтеп, жақсы тәртібі үшін шартты түрде босап шықты. Шетелдіктер бүгінде қаладағы әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр. Тіпті жұмысқа да орналасқан. Sputnik тілшісі нигериялықтармен жолығып, түрмедегі және қазіргі өмірі жайлы аз-кем сұхбаттасып қайтты.

Қазақстанға арман қуып келіп, түрмеден бір-ақ шықты

41 жастағы Нвоке Екендиричук о баста Қазақстанға саудамен айналысу мақсатында келіпті. Оған дейін өз елінде шетелден киім алып келіп, сауда жасаған. Шымкентке келмес бұрын Астанада болыпты. Өзінің айтуынша, сонда жергілікті бір азаматпен танысады. Кейін Шымкентке келеді. Өткенін еске алуды құп көрмеген ол, Қазақстан жақсы қырымен менің есімде мәңгілік қалады дегенді алға тартты.

Әйел адам қамауда - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Ақшаны білдіртпей тыққан – ирандық әйел Астана тұрғындарын сан соқтырып кетті

"Мен өз елімді қалай құрметтесем, Қазақстанға да дәл солай құрметпен қараймын. Бұл жас мемлекет қарыштап дамып келеді. Адамдары да өте ақжарқын. Түрмеден шыққан соң тұратын жеріміз болмағандықтан әлеуметтік орталыққа тұрақтадық. Ондағы қызметкерлердің мейірімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жағдайымыз жақсы, күніне төрт мезгіл тамақ береді. Енді өз елімізге ертерек қайтсақ дейміз",-деді шартты түрде босап шыққан нигериялық.

32 жастағы Обах Жозефаттың Нигерияда отбасы бар. Екі ұл, бір қыздың әкесі бірінші кезекте балаларымды сағындым дейді. Қазақстанға келмес бұрын өз елінде ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген, о баста Астанаға  оқу орындарының бірінде ұстаз болу үшін келіпті. Бірақ, жергілікті бір азамат оны нигериялық Нвокемен  таныстырады.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыНигериялық Обах Жозефат Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр
Нигериялық Обах Жозефат Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр  - Sputnik Қазақстан
Нигериялық Обах Жозефат Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр

Кейін алаяқтық жолмен сотталып, түрмеден бір-ақ шыққан. Ол абақтыдағы өмірі туралы сөз қозғауды жөн көрмеді, өткен нәрсе өтті деп отыр. Бастысы, алдағы өмірім жақсы боларына сенемін дейді.

Нвокенің де отбасы, үш бала-шағасы бар.

 Обах қазақ тілін түрмеде үйренген  

Қазіргі таңда қос азамат қаладағы қонақүйлердің бірінде bell-boy  болып жұмыс істейді. Яғни, қонақтарды қарсы алып, жүктерін бөлмелеріне дейін жеткізеді. Кетерінде шығарып салады. Бір күн жұмысқа шығып, келесі күні демалады, айтуларынша, оларға жалақының көлемі маңызды емес. Қонақүйдегі қызметі үшін айына 70 мың теңге алады екен. Әріптестеріміздің бізге деген көзқарасы жақсы, тез тіл табысып кеттік деп отыр.

Моника Камукенж Камганза - Sputnik Қазақстан
Қоғам
ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйді – африкалық әйел Қазақстаннан кеткісі келмейді

"Шымкенттік адамдар өте жақсы. Әріптестеріміз де бізді құшақ жая қарсы алды. Кейде қала ішінде адамдар бізді көріп, суретке түсіп жатады. Біз үшін ол қалыпты жағдайға айналды. Не дегенмен Шымкентте біз секілді африкалықтар аз ғой. Кейде біздің орысша және қазақша сөйлегенімізге таңғалып жатады. "Қайдан үйрендіңіздер?" деп сұрақтың астына алады", — деді нигериялықтар.

Нвоке Екендиричук орыс тілін меңгеріп алған, қазақша бірнеше сөз біледі. Ол тілді Қазақстанға келе салып, өздігінен үйренгенін айтты.

"Тамақтану орындары, адамдар көп жүретін жерлерде орыс тілін үйрене бастадым. Сосын түрмеде жатып әрмен қарай жетілдіре түстім", —  деген Нвоке Шымкентте көптеген дос тапқанын алға тартты.

Қазақшасы шала қазақтардан тәуір Обах Жозефат болса, мемлекеттік тілді абақтыда отырып үйрендім дейді. 

"Ешқандай қиындық болмады, бастысы тіл үйренуде адамның ішкі ниеті болуы керек", — деген Обах ертерек отбасыммен қауышқысы келетінін қайталады.

Боксшы Геннадий арқылы Қазақстанды таныған

Нвоке мен Обах Шымкенттегі құзырлы органдарға шартты түрдегі жазаларын өз елдерінде өтеу туралы өтініш түсірген. Бірнеше күн бұрын сот шешім шығарып, олар Қазақстаннан экстрадицияланатын болыпты. Бірақ, нақты қай күні кететіні әлі белгісіз.

"Тағатсыздана күтіп отырмыз. Өз елімізде бізге қандай жаза берілетінін де білмейміз. Бастысы, өз отанымызға қайтатын болдық. Дегенмен Қазақстан біз үшін мәңгі жүрегімізде қала бермек",-дейді олар.

Айтпақшы, нигериялықтар Қазақстан туралы әлемге танымал боксшы Геннадий Головкин арқылы естіген екен.

Ақжарқын Тұрлыбай мен адвокат Сұңқар Нұрмағанбетов - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбай немен айналысып жатыр?

"Мен өзім боксқа қатысқанмын. Әрине, кәсіпқой емес, әуесқой. Біздің елде спорттың бұл түрі жақсы дамыған. Головкин арқылы Қазақстанға деген құрметім артты. Сондай-ақ, мен тарихқа қызығамын. Дүниежүзі картасы арқылы Қазақстанның географиялық орнымен таныстым. Қазақстан кезінде кеңес үкіметінің құрамында болғанын да білемін. Айтып өткенімдей, Қазақстанға келмес бұрын Нигерияда саудамен айналыстым. Сондықтан көптеген елде болдым. Бірақ, Қазақстан туралы әсерім ерекше", —  деген Нвоке қазақтың ұлттық тағамдары туралы әңгіме тым бөлек екенін айтты.

"Мен сүт, қымыз дегенді бұрын-соңды ішіп көрген емеспін. Шымкентке келіп, алғаш рет дәм таттым. Жылқының еті дегенді біздің елде білмейді. Әсіресе қазақтың ұлттық тағамы – ет қатты ұнайды. Алла қалап, еліме қайтқан соң отбасыма міндетті түрде ет асып беремін. Негізі үйде тамақты мен пісіремін. Тағам дайындау өзіме ұнайды",-деді Нвоке.

 Нвоке: Қазақстанды әлем таныса деймін…

Нигериялықтар алдағы жоспарларымен де бөлісті. Обах өмірімді отбасыммен қауышқан соң жоспарлай беремін десе, Нвоке болса депорт уақыты біткен соң Қазақстанға қайта келуді мақсат тұтып отыр.

© Photo : OTYRARНигерия азаматтары Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр
Нигерия азаматтары Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр - Sputnik Қазақстан
Нигерия азаматтары Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр

"Мен осында жүріп, "қазақ" болып кеттім (күліп). Болашақта осы елде жұмыс істегім келеді. Қазақстанның дамуына үлесімді қоссам, бұл елді әлем таныса деген ниетім бар. Қазақстан туралы енді өз елімде міндетті түрде айтып жүретін боламын. Сот шешімімен әлі толық таныспадым, маған айтуларынша, біз Қазақстаннан бес жылға депортталады екенбіз. Кейін осында қайта келгім келеді. Әрине, болған іске өкінемін. Тек ақымақ адамдар қателігін қайталайды, мен үлкен сабақ алдым", —  деп сөзін түйді Нвоке Екендиричук.

Ақпарат ретінде айта кетейік, жалған АҚШ долларын басып шығарудың әдісін меңгеріп алған нигериялықтар алаяқтық жасады деген айыппен 2016 жылдың күзінде ұсталған болатын. 2018 жылдың басында сот шешімімен олар кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.  

 

Жаңалықтар
0