Саясат

Билік өкілеттігі қайта қаралды – құжат президентке жіберілді

© Sputnik / Виктор ТолочкоАрхивное фото письменных принадлежностей
Архивное фото письменных принадлежностей - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2021
Жазылу
Мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігі артып, қажетті шешімдер жылдам қабылданады

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Сенат мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттікті қайта бөлу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымды қабылдады. Осыдан кейін құжат президентке жіберіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр. Мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігі артып, қажетті шешімдер жылдам қабылданады.

Заң бойынша үкіметтің бірқатар өкілеттіктері орталық атқарушы органдарға беріледі. Олар:

  • ұлттық экономика министрлігіне – стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті жасау және ұсыну тәртібін белгілеу;
  • қаржы министрлігіне – аудиторлық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекіту;
  • индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне – жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдарды тексеріп қарауды жүргізудің тәртібі мен талаптарын бекіту;
  • машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру;
  • сауда және интеграция министрлігіне – Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және бекіту;
  • денсаулық сақтау министрлігіне – ядролық сынақтармен себепті байланысы бар деп танылуы мүмкін аурулардың тізбесін бекіту; кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарында және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында күтіп-бағуға және оқытуға кедергі келтіретін аурулардың тізбесін бекіту;
  • еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне – экономикалық қызмет түрлерін кәсіптік тәуекел сыныптарына жатқызу тәртібін бекіту;
  • білім және ғылым министрлігіне – қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне (олардың мөлшерлеріне) кепілдік беру қағидаларын бекіту;
  • ішкі істер министрлігіне – өрт қауіпсіздігі қағидаларын әзірлеу және бекіту; медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидаларын әзірлеу және бекіту;
  • сыртқы істер министрлігіне – халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу; Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін айқындау;
  • экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын бекіту; және басқа да өкілеттіктер беріледі.

Бұдан бөлек, орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға кейбір функциялар беріледі. Атап айтқанда:

- білім және ғылым министрлігінен әкімдіктерге – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілу қажеттіліктеріне талдау жүргізу;

- индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен – шекаралық аймаққа кіретін жолдарда жол (ақпараттық) белгілерін орнату;

- ауыл шаруашылығы министрлігінен – инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу; акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға субсидиялар беру.

Билік өкілеттіліктерін қайта бөлу аясында Бюджет және Қылмыстық-атқару кодекстерін қоса алғанда 46 заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Жаңалықтар
0