Саясат

Қазақстан даласында жолбарыстар пайда болады: Путин көмектесуге уәде етті

© Sputnik / Анатолий Устиненкожолбарыс
жолбарыс - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.09.2021
Жазылу
Тоқаев жолбарыс бүкіл жерде бірдей екенін айтты. Алайда Путин онымен келіспеді

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинге жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жобасына қатысуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан мен Ресей президенттері қатысқан XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Путин Қазақстанның экология министрінен жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жайлы сұрады.

"Сіздердің экология министріңізге жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жайлы сұрақ қояйын деп едім. Бұл жерлерде ертеде жолбарыстар мекендеді ме?", - деп сұрады Путин.

"Иә, жолбарыстарды қайта жерсіндіру жайлы сөз болып отыр. Бұл жерлерде бұрын жолбарыс популяциясы болғаны туралы тарихи фактілер бар", - деп жауап берді Серікқали Брекешев.

Осы кезде әңгімеге Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Қазақстан президенті Тұран жолбарысы туралы сөз қозғалғанын айтты.

"Соңғы рет олар Қазақстанда өткен жүзжылдықтың 30-шы жылдарында кездесті. Ұлы Отан соғысы басталар алдында бұл жыртқыштар ел аумағынан көрінген жоқ, жойылып кетті. Бұл дала жолбарыстары. Әрине, шыны керек, ертеде олар азуы алты қарыс жолбарыс болған. Сол себепті біз жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жөнінде халықаралық жобаны қолға алдық. Ресейлік мамандарды да өте қызықты жобаға қатысуға шақырамын", - деді Тоқаев.

"Біз Кавказда барыстардың кейбір популяциясын, Сібірде ілбістерді қайта қалпына келтірдік. Бірақ олар бізде сақталған жоқ, соларға ұқсас түрлері Тәжікстанда, Иранда сақталған. Оларды сол жақтан әкеліп, бізде қалған аңдарға қосамыз. Осылайша, мамандар популяцияны қалпына келтіріп жатыр. Ал мүлде жойылып кеткен жануарларды қайдан алуға болатыны – бұл ойландыратын сұрақ", - деді Путин.

Тоқаев жолбарыс бүкіл жерде, Үндістан, Ресей немесе басқа ел болсын, бірдей екенін айтты.

Алайда Путин онымен келіспеді.

"Жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ресейде – ең ірі жолбарыс", - деді Ресей басшысы.

"Бұл оңай мәселе емес. Биологтар бұрын Қазақстан аумағын мекен еткен популяцияны қалпына келтіру үшін үлкен жұмыс атқаруы керек. Әрине, бұл мақсатқа жүз пайыз қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ тырысу керек", - деген Тоқаев Ресейдің көмегі маңызды екенін айтты.

Ресей президенті Владимир Путин қуана-қуана қол ұшын созатынын, тәжірибе бөлісіп, бірігіп жұмыс істейтінін жеткізді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0