Саясат

Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады

© Sputnik / Владислав ВодневСыртқы істер министрлігі ғимараты
Сыртқы істер министрлігі ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.08.2021
Жазылу
Бұл ел тарихындағы шешуші сәт. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек, делінген министрлік хабарламасында

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың даму барысын мұқият қадағалап отыр. Аталған елдің тарихында тағы бір шешуші сәт келе жатыр. Көпжылдық жанжалды ауған халқы өзі шешуі керек", - делінген ресми хабарламада. 

Қазақстан барлық тарапты ішкі тұрақтылықтың басты алғышарты ретінде биліктің бейбіт транзитін қамтамасыз етуге шақырды.

"Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің инклюзивті және өкілдік үкімет құру, аз ұлттар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін қолдаймыз. Осы ережелерді орындау Ауғанстанның жаңа билігімен диалогты бастау үшін қажетті шарт болуға тиіс", - делінген мәлімдемеде.

Қазақстанға жүздеген адам жеткізілді

Күні кеше қорғаныс министрлігі ауған жерінен арнайы бортпен 42 адамның жеткізілгенін мәлімдеді. Олардың ішінде 25 Қазақстан азаматы (15 ересек адам және 10 бала) бар. Елшіліктің қызметкерлері де келді.

Сондай-ақ әскери ұшақпен Қырғызстанның өтініші бойынша Қырғыз Республикасының 14 азаматы эвакуацияланды. Қазақстан елшілігіне көмек сұрап келген 1 Ресей азаматы мен 1 Литва азаматы Ауғанстаннан шығарылды.

Ал БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик қауіпсіздік мақсатында Біріккен ұлттар ұйымының жүзге жуық қызметкері қашықтан жұмыс істеу үшін Кабулдан Алматыға ауыстырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олар Ауғанстанға жағдай тұрақталған кезде оралады.

Ауғанстанда не болып жатыр

16 тамызға қараған түні Талибан* саяси кеңсесінің өкілі Мұхаммед Наим Ауғанстандағы соғыс аяқталғанын және мемлекеттегі басқару формасы жақын арада нақтыланатынын хабарлады. Қазір Ауғанстанның шекарасын Талибан* содырлары бақылауға алды. Шетелдік қызметкерлер Кабулдағы жалғыз әуежай арқылы эвакуацияланып жатыр.

Талибан* - Ауғанстандағы билікті басып алған діни экстремистік ұйым. Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған.

Оқи отырыңыз: Президент сендерді сатып кетті деген сөзге сенбеңіз – Ашраф Гани үндеу жасады

Жаңалықтар
0