НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Батыс елдері Қазақстанды Ресеймен араздастырғысы келеді, деп мәлімдеді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі хабарлайды.
"Саяси ойын әрдайым болады. Мысалы, біздің Орталық Азия республикаларын біріктіру ниетіміз Батысқа ұнамайды, оны қаламайды. Олар барлығымызды Ресейден бөліп тастағысы келеді және осының айналасында жұмыс істеп жатыр. Адамдар қарапайым нәрселерді – Қазақстанға ненің пайдалы екенін түсінбейді. Қытайға қарсы шуды да сырттағылар көтеріп отыр – бұл бізді Қытаймен жанжалдастыруға итермелейтін үшінші күштер", - деді Назарбаев "Хабар" телеарнасының эфирінде.
Елбасы Ресей мен Украина қарым-қатынасын да еске алып, екі елдің келіссөз жүргізуіне көмектескісі келгенін атап өтті.
"Украина президентіне менің араға түсуім арқылы кездесейік, келіссөздер үстеліне отырайық деген ұсыныс жасадым. Олар мұндай процеске әлі ерте екенін айтты. Бұл жағдай менің жаныма қатты батады, мен Украинаны жақсы білемін, осындай жақын екі елдің кенеттен бөлініп кетуі – бұл халықтың емес, саясаткерлердің қателігі", - деді ол.
"Штрихи к портрету" – Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған көп сериялы деректі фильм. Фильм Елбасымен эксклюзивті сұхбатқа негізделген. Алғашқы бөлім 1 желтоқсанда, Қазақстанның Тұңғыш президенті күні жарық көрді. Бүгінге дейін фильмнің төрт бөлімі шықты.