Саясат

Мәжіліс депутатының өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды

© Sputnik / Владислав ВодневЗал пленарных заседаний мажилиса парламента Казахстана
Зал пленарных заседаний мажилиса парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.06.2021
Жазылу
Қанат Мусин мәжілістің жалпы отырысына келіп, бұрынғы әріптестеріне алғысын жеткізді

НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым - Sputnik. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Қанат Мусиннің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін Қанат Мусин мемлекет басшысының ұсынысымен Жоғарғы сот судьясы қызметіне тағайындалған болатын. Осыған байланысты бүгін оның депутаттық өкілетілігі тоқтатылды. Мусин мәжілістің жалпы отырысына келіп, бұрынғы әріптестеріне алғысын айтты.

"Кез келген заңгер үшін заңдарды жасау кәсіби мансаптың басты көрсеткіші болып саналады. Соны мақтаныш етемін. Nur Otan партиясы мен оның тұрақты көшбасшысы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім білдіргені үшін алғысым шексіз. Маған 5 жылдан астам уақыт бойы заңдармен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Нұрлан Зайроллаұлы және әріптестеріме рақмет айтамын. Сіздер мені екі рет комитет төрағасы ретінде сайладыңыз, осы сенімді ақтауға тырыстым. Бүгінде жаңа қызметке ауысып жатырмын. Оны мемлекет басшысы мен тұңғыш президент тарапынан, сондай-ақ сенаторлардың үлкен сенімі деп білемін. Осы жерде қалай жұмыс істедім, жаңа қызметте тура солай еңбек етуге міндеттімін", - деді Мусин.

Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осы шақырылымнан алғашқы депутаттың "түлеп ұшқанын" ерекше атап өтті. 

"Депутаттық қызметтің табиғаты солай ғой, әсіресе, заңгер үшін заңмен жұмыс жасау аясы кең. Негізі, әрбір шақырылым сайын біздің әріптестеріміз жаңа қызметке ауысып жатады. Бұл олар үшін және депутаттық корпус үшін үлкен жауапкершілік. VII шақырылымнан сіз бірінші болып осы ұядан түлеп ұшып отырсыз. Сізге табыс тілейміз. Сізге қарап депутаттардың жұмысына баға береді", - деп атап көрсетті Нығматулин.

Бүгін мәжіліс депутаттары заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасын сайлады. Осы қызметке депутат Арман Қожахметов лайық деп шешілді.

Жаңалықтар
0