Саясат

Тоқаев Тәжікстан президентімен телефон арқылы сөйлесті

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание Акорды
Здание Акорды - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.05.2021
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев шекара сызығын белгілеу сияқты күрделі мәселелер конструктивті келіссөздер барысында шешілуі керек екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қазақстан президенті Қырғызстан шекарасында қалыптасқан шиеленісті ахуалға байланысты алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдай көрші мемлекеттер мен олардың азаматтарына қауіп төндіретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев шекара сызығын белгілеу сияқты күрделі мәселелер өзара сенім мен достыққа негізделе отырып, конструктивті келіссөздер барысында шешілуі керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай жағдайда өзара ұстамдылық танытып, күш қолдануға жол бермеу аса маңызды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қырғызстан президентіне көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта осындай қақтығыстарды болдырмау жөнінде тиімді келісімге қол жеткізу үшін Душанбеде жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы уағдаластықты қолдады.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа шекарадағы қақтығыстың тарихы мен қазіргі қалыптасқан жағдай туралы ақпарат берді.

"Мемлекет басшылары Орталық Азия өңіріндегі ахуалға қатысты пікір алмасу мақсатымен тұрақты байланыста болуға уағдаласты. Екі елдің құзырлы ведомстволары жоғары деңгейдегі кездесуге дайындық жұмыстарын жүргізеді", - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуірде басталды. Тараптар бірнеше рет бітімге келу туралы уағдаласты, бірақ келісім қайта-қайта бұзылды. Сенбі, 1 мамырда Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері шекараны белгілеу бойынша келіссөздер жүргізуге келісті.

Жаңалықтар
0