НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ауыл әкімдерінің сайлауына кандидаттар өзін-өзі ұсыну жолымен қатысуы мүмкін. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған.
Әбдіқадыровтың айтуынша, ауыл әкімінің сайлауына түсетін кандидаттарға мынадай талаптар қойылады:
- жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматы;
- барлық мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын шектеулер (сотталмағандығы, еңбекке жарамсыздығы және тағы басқа);
- біліктілік талаптарына сәйкестігі (мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл, мемлекеттік органға жатпайтын ұйымдарда кемінде екі жыл басшылық қызмет атқару);
- арнайы тексерудің нәтижесі (кандидатты тіркегеннен кейін 5 күн ішінде жүргізіледі).
"Үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады және өзін-өзі ұсыну арқылы. Өзін-өзі ұсынған кезде үміткер тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-нің қолын жинау керек", - деді вице-министр заң жобасын таныстыру барысында.
Сайлау кезеңдері
Заң жобасына сәйкес, сайлау сол елді мекен әкімінің өкілеттігінің аяқталуына 40 күн қалғанда басталады. Ал сайлаудың өзі әкімнің өкілеттігінің аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді.
Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннің ертесінде басталып, сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, Әбдіқадыровтың сөзінше, үміткерлерді ұсыну мерзімі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.
Кандидаттарды тіркеу сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексереді. Үгіт жүргізуге 8 күн беріледі. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асады.
Сондай-ақ заң жобасына мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5 процентке дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне "бәріне қарсымын" деген жазуды қосу нормалары енгізілген.