Саясат

Министрлік Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы жағдайға қатысты Қазақстан ұстанымын айтты

© Sputnik / Болат ШайхиновФлаги Казахстана и Китая
Флаги Казахстана и Китая - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.03.2021
Жазылу
Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары атамекенге келуге ниетті қандастарға өтініш айтты

АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. Қазақстан Қытай халық республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы тұрғындарының құқығы мәселесінде басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидатын ұстанады. Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың айтуынша, этникалық қазақтардың Қытай азаматтары екені ескеріледі. Бұл туралы вице-министр "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында айтты.

Қытаймен қарым-қатынас тақырыбында жазылған мақаласында ол "әсіресе кейінгі жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы жағдай туралы түрлі ақпараттың таралуына байланысты" Қытайда тұратын этникалық қазақтардың жағдайы республика халқы үшін өзекті екенін айтты.

Ресми деректер бойынша, Қытай халық республикасы аумағында 1,6 миллион қазақ тұрады. Олардың бәрі – Қытай халық республикасының азаматы. Арасында әртүрлі құқықбұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған азаматтар да бар.

"Біріккен ұлттар ұйымының жарғысына сәйкес, ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттің ішкі істеріне араласуға құқығы жоқ. Осыған байланысты Қазақстан азаматтарынан Қытай халық республикасының азаматы болып табылатын туысына қатысты өтініш келіп түскен жағдайда оны Қытай тарапына жібереміз", - деді Шахрат Нұрышев.

Оның сөзінше, екіжақты кездесу мен келіссөздер барысында екі жаққа бөлінген отбасыларды табыстыру мәселесі үнемі көтеріледі.

"Шетелдегі қандасқа көмек талап етіп, кейбір азаматтар Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүріп жатқанын ұмытып кетеді. Олардың көпшілігінде өздерінің тарихи отаны бар. Ертең басқа мемлекет басқа ұлт өкілі болып табылатын Қазақстан азаматтарының құқығын жеке қорғауды талап қойса, біздің реакциямыздың қандай болатыны туралы біреу ойланды ма? Әрине, ол адамның Қазақстан азаматы екенін ескере отырып, біз мемлекетіміздің ішкі істеріне араласпауды талап етеміз", - деді вице-министр.

Ол атамекенге көшкісі келетін және Қазақстанға көшудің себебін түсінбейтін адамдардың да бар екенін айтып өтті. Соған байланысты Қазақстанның барлық қандасты жаппай көшіріп алу туралы мақсаты жоқ екенін жеткізді.

"Мемлекетіміз барлық қандасты Қазақстанға жаппай көшіру туралы алдына мақсат қоймайды. Бірақ көшуге ниет білдірген және ол үшін тиісті рұқсаты бар адамдарға Қазақстанның шетелдегі мекемелері қажетті көмек көрсетеді. Мысалы, Қазақстанның Қытайдағы консулдық мекемесінде 2018-2020 жылдары қандастарға 60 мың виза рәсімделді", - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, кей қандас Қазақстанға келген соң Қазақстан азаматтығын алды. Кейінірек олардың бір бөлігі Қытай азаматтығынан шығу рәсімдерін орындамағаны үшін Қытайға оралу кезінде түрлі қиындыққа тап болған.

Сонымен қатар екі елдің арасындағы уағдаластыққа сәйкес, Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің бейресми ақпараты бойынша, 2018-2019 жылдары 7 мың қандас Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдығы арқылы Қытай халық республикасының азаматтығынан шығу рәсімін аяқтауға мүмкіндік алды.

Өкінішке қарай бұл жұмыс пандемияға байланысты тоқтап тұр. Алайда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталғаннан кейін қайта жалғасады.

"Сол себепті Қазақстанға көшуге ниет білдірген қандастардан Қытайдан кетер кезде Қытай халық республикасының азаматтығынан ресми түрде шығуын сұраймын. Мұндай жағдайда азаматтық алу, зейнетақы төлемдері мен шекарадан өту туралы ешқандай сұрақ туындамайды", - деді Шахрат Нұрышев.

Жаңалықтар
0