НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің қарарына қатысты түсініктеме берді.
"Біз қарарда Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты үстірт, біржақты және әділетсіз сын бар деп есептейміз. Біздің пікірімізше, қарардың мәтіні еліміздегі істердің нақты жағдайын бұрмалап, деструктивті топтардың жалған ақпаратымен қамтамасыз етілген теріс ниетті саясаткерлердің бастамасымен жасалған. Қазақстан адам құқықтары саласындағы өз міндеттемелерін мақсатты және жүйелі түрде іске асыруда", - деді сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі жариялаған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес кең ауқымды саяси реформаларға бастамашы болғанын атап өтті.
Айтуынша, ЕО-ға мүше мемлекеттер Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформаларды қолдайтынын ескерсек, Еуропарламенттің бұл құжаты оны дайындау кезінде пайдаланылған мәліметтердің нақтылығына қатысты толық түсінбестік пен түсініспеушілік тудырады.
"Брюссельдегі кейбір қарарларды еуродепутаттар фактілерді мұқият тексермей немесе мәселенің мәнін зерттемей "автоматты түрде" қабылдайтынын білеміз. Осыған байланысты, жаңа қарарда дәстүрлі түрде бір құжаттан екінші құжатқа "көшіп жүретін" көптеген "ескі кейстер" бар екендігі бізді таңғалдырмайды. Сондай-ақ, бірқатар Еуропарламент мүшелері еліміздің дамуындағы өзекті үрдістерге қатысты оң пікірлеріне қарамастан, өз партияларындағы ішкі тәртіпке сәйкес осы қарарды қабылдауға дауыс бергенін түсінеміз", - деді баспасөз хатшысы.
Ол қарарда объективті пікір білдірген еуродепутаттарға ризашылығын білдірді.
Айтуынша, солардың арқасында қарарда Қазақстандағы объективті өзгерістер танылған. Атап айтқанда, Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің құрылуы және қазақстандық биліктің реформалардың жаңа кезеңін жариялауы, оның ішінде, құқық қолдану тәжірибесі, сот жүйесін дамыту және адам құқықтарының басымдығы мәселелері.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда өлім жазасы алынып тасталды
Сондай-ақ, Қазақстанның өлім жазасын жоюы және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялауы құпталады.
Смадияров Қазақстан Еуропарламентпен, оның ішінде "Қазақстан Республикасы – Еуропа одағы" парламентаралық ынтымақтастық комитеті сияқты өзара іс-қимылдың маңызды құралы арқылы жұмысты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан үшін тиісті диалогтың адал және өзара сыйластықта болуы өте маңызды екенін жеткізді.
Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарары
Жуырда Еуропа парламенті Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуына қатысты арнайы қарар қабылдады.
Депутаттар Қазақстанда соңғы уақытта адам құқықтарына қатысты жағдайдың нашарлағанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Құжатта ел билігі пандемия кезіндегі шектеулерді саяси қуғын-сүргінді күшейту құралы ретінде пайдаланғаны айтылды.
Қарарда, депутаттардың пікірінше елде қысым көріп, қудаланған ондаған құқыққорғаушы, белсенділер мен журналистер, оппозиция жақтастары келтірілген.
Еуропарламент депутаттары Қазақстан билігін адамның негізгі құқықтары мен бостандығын қорғау саласында белсендірек әрекет етуге шақырды.