17:07 02 Наурыз 2021
Тікелей эфир
  • USD417.90
  • EUR503.07
  • RUB5.64
Саясат
Қысқа сілтеме алу
222 0 0

VII шақырылымда парламенттік оппозицияға "Ақ жол" демократиялық партиясы мен Қазақстан халық партиясының депутаттары кірді. Саясаттанушылар қос партияның мәжіліс құрамында қалай жұмыс істейтініне және оларға қандай құқық берілгеніне қатысты ойын айтты

АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Мәжілістің жетінші шақырылымы қарсаңында парламенттік оппозиция ұғымы енгізілді. Мәжіліс сайлауынан кейін депутаттар тізімі бекітіліп, парламенттік оппозиция құрамына "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы кірді. Оларға мәжілістегі тұрақты комитеттердің екеуіне төрағалық ету құқығы берілді. Sputnik Қазақстан бұған дейін оппозициялық бағытты ұстанбаған қос партия мәжілісте қалай жұмыс істейтініне қатысты саясаттанушылардың пікірін білді.

Қос партия – оппозиция рөлін атқарушы

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, партияның оппозициялық бағыты партияның сайлауға дейінгі жұмыстары немесе партия құрылған кезде оның мақсат-мүддесі арқылы көрінеді. Сондай-ақ, ол партияның өзін оппозиция деп жариялауынан емес, нақты жұмысқа халықтың берген бағасынан шығады.

"Парламентке барған соң өзін оппозициямын деп жариялау бір жерге баратын билет сатып алумен тең. Сол себепті, біріншіден, парламент және оның депутаттары туралы заңға "оппозицияның рөлін атқарушы" деген термин енгізуді сұрар едім. Себебі екі партия осы терминге сай келеді", – дейді Көшім.

Екіншіден, олар өздерінің оппозициялық іс-әрекетін кейінгі 10 жылда көрсетпесе де, сайлау алдында биліктің партиясына қарсы ешқандай уәж айтпады. Бағдарламасын сынап, экономикалық бағыттағы мақсат-мүдделерін талдаған жоқ. Сайлаудың алдындағы науқан өзінің оппозициялық бағытты ұстанатынын көрсетуге таптырмас мүмкіндік болды, бірақ олар мұны істемеді, деп толықтырды Көшім.

Айтуынша, егер "оппозицияның рөлін атқарушы" термині енгізілсе, олардың мәжілістегі бағыты аз да болса шындыққа жанасады.

Бұл пікірге саясаттанушы Расул Жұмалының ойы да сәйкес келді. Ол барлығы тек формалды түрде жасалып отырғанын айтты. Бұған дейінгі шақырылым депутаттары көппартиялы мәжіліс деген атқа сай келмеді. Айтуынша, оппозицияның атауы болғанымен, іс жүзінде әрекеті әлсін-әлсін көрінеді.

"Сөз жүзінде саяси алаңда ресми алты партия бар. Үшеуі ресми түрде парламентте отыр, парламент көппартиялы саналады. Бәрі формалды. Саяси алаңда да оппозиция байқалмайды. Мәжіліс бұған дейін де көппартиялы болды. Бұл қандай да бір балама пікірдің, тұғырнаманың, ұстанымның бар екенін меңзейді. Өкінішке орай бізде олай болмады. Оған осы уақытқа дейін талқыланған заңнамаларды қарап өту жеткілікті. Мәжілістің бір-бірімен пікір алмасқанын көрмедік. Арасында халықтың жағдайын нашарлата түсетін, адамдардың кей құқығын шектейтін заңдар қабылданған кезде де көппартиялық байқалмайды. Бәрі 100% дауыс берді", – дейді Жұмалы.

Айтуынша, мәжіліс сайлауы алдында "Ақ жол" партиясы балама пікір айтуға уәде берді. Алайда партияның бұл жағынан дайындығына күмән де жеткілікті.

"Партиялар оған дайын емес. Үкіметтің жаңа құрамын ұсынғанда бір де бір депуатат қарсы шыққан жоқ. Дәтінің барғаны – қалыс қалу. Үкіметті өзгерту керек деп бастама көтерген жоқ. Партия өзін оппозиция деп атаса, сөзі мен ісі арасында сабақтастық болу керек. Әзірше ресми оппозиция оған дайын емес", – деп толықтырды саясаттанушы Расул Жұмалы.

Депутаттар дауыс бермей, неге қалыс қалды

Жетінші шақырылымның отырысында президент премьер-министр лауазымына Асқар Маминді ұсынды. "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы" Маминнің кандидартурасын қолдамады. Депутатқа берілген құқық бойынша, дауыс беру кезінде қалыс қалды. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл алдын ала жазылған сценарий бойынша жасалды. Сондай-ақ, партиялар қарсы шығуға жасқанады.

"Сценарий бойынша оппозицияны осылай көрсету керек болды. Ең қызығы қалыс қалғаны. Ол жерде келіспесе, қарсы болуы керек еді. Не қолдамаймыз, не қарсы шықпаймыз деп, өздерінің сценарий бойынша алғашқы рөлдерін өте нашар орындап шықты", – деді Дос Көшім.

Саясаттанушы келешекте де бұл жағдай қайталанатынын айтты. Айтуынша, президент аппараты немесе басқа да бір ведомство қандай мәселе көтеру керек екенін, қандай жағдайда қарсы шығу қажет болатыны туралы сценарийді алдын ала дайындап қояды.

Оқи отырыңыз: "Бәріне қарсымын": сайлау бюллетенінде тағы бір таңдау ұяшығы болады

Ал Расул Жұмалы президенттің өзі парламенттік оппозиция ұғымын енгізіп, құқық беріп отырғанын айтты.

"Оппозиция қоғамды ғана емес, билікті де ойландыруы керек. Оппозиция жоқ, бірақ қоғамда наразылық пен сенімсіздік бар. Тиісінше, бұл наразылық ертең сыртқа қалай шығады? Айғай-шу арқылы ма, заңды түрде сайлауға қатысып, саяси ұстанымын көрсете ме? Осыны ойлап президенттің өзі оппозицияның бар екенін мойындайық деп, парламенттік оппозиция ұғымын енгізді. Себебі бұл наразылықты жоюдың өркениетті, заңды жолы. Олай болмаса, наразылық басқа жолмен шығады. Ал ол билікке керек емес", – дейді Жұмалы.

Алайда партиялар алғашқы қадамынан-ақ халықтың үдесінен шығуға қатысты әрекет жасамады.

"Әлсін-әлсін өзгеріс бар. Оппозиция болған партияларда қарсы шықсам, бір дүние болып қалады деген қорқыныш бар. Президенттің өзі құқық беріп отыр. Мүмкіндік берілді. Мәжіліс пен мәслихаттың қолында талай құзірет бар. Үкіметті отставкаға жіберіп, үкіметке сенімсіздік таныта алады. Бұған дейінгі мәжіліс қауқарсыздығын көрсетті, жаңа құрамның алғашқы қадамынан мұны өзгертуге деген ұмытылысты байқап отырған жоқпыз", – деді Жұмалы.

Парламенттік оппозицияға қандай құқық берілген

Парламенттік оппозиция мәжілістегі екі тұрақты комитетті басқара алады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.

Жетінші шақырылымда мәжілістегі тұрақты жеті комитеттің аграрлық мәселе жөніндегі комитетін "Ақ жол" партиясының мүшесі басқаратын болды. Ал экология комитетіне Қазақстан халық партиясы атынан түскен депутат төрағалық етеді.

Саясаттанушы Дос Көшім парламенттік оппозиция мүшесінің қамтитын мәселесі ауқымдырақ комитетті басқаруы да ештеңе өзгертпейтінін айтты.

"Қай тұрақты комитеттің төрағасы болуы немесе спикердің орынбасары болуы да ештеңе өзгертпейді. Мұның бәрі ойын түрінде болып жатыр. Ешқашан оппозиция рөлінде болмағандардың бұл қызметті атқаруы ыңғайсыз жағдайда өтеді. Бәрі сол жерде болған партия, сол жерде отырған адамдар. Олар қалай бір күнде оппозиция болып кетеді?", – дейді Көшім.

Дос Көшім оппозицияның екі түрі бар екенін айтты. Бірі – парламенттік, кейде оны жұмсақ оппозиция деп те атайды; екіншісі – бітіспес оппозиция, кейде қарулы оппозиция дейді.

"Парламенттік оппозиция конструктивті болғанымен, олар да Конституцияға сай, митинг, шерулер ұйымдастыра алады. Бұл – парламенттік оппозицияның нақты міндетінің бірі. Яғни, конструктивті оппозиция да қазір шеруге шығып, митинг ұйымдастырып жүргендердің әрекетін істей алады. Себебі ол шерулер қарулы оппозицияға жатпайды. Оны істемей тек сөзбен, дөңгелек үстел ұйымдастырып, сонымен ғана шектелуді де оппозиция деп атауға келмейді", - деп толықтырды ол.

Айтуынша, кейбір мәселеде халықтың келіспейтінін Конституцияда көрсетілген сан түрлі әрекет арқылы көрсетуі керек.

Оппозиция – қоғам көрінісі

Расул Жұмалы оппозицияның өзінен-өзі бір күнде пайда болмайтынын алға тартты. Сонымен қатар қоғамның басы бірікпей отырғанын айтты.

"Оппозиция жекелеген тұлға емес, ол – қоғамның көрінісі. Қоғам қандай болса, оппозиция да сондай. Қоғамның басы бірікпей отыр. Рас, балама пікір, наразылық бар. Бірақ соның аясында бірігуге келгенде қоғамның өзі жік-жікке бөлінген, тұтас идея жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, демократияның балалық шағында келе жатыр. Бәрі өзінен-өзі ретке келе салмайды. Қоғамның өзі табандылық танытпайтын болса, оппозиция да пайда болмайды", – дейді Жұмалы.

Дей тұрғанмен салыстырмалы түрде саяси партиялар арасында белсенділік артқанын, Nur Otan партиясының өзі жаңа форматта жұмыс істей бастағанын атап өтті.

"Nur Otan праймериз өткізді, бұл да жаңарудың бір жолы. Партиядағы ескілікке салыну, артық сөз айтпау, сыннан ада болу ұстанымы да жақсылыққа әкелмейді. Партия болу барлығы сап түзеп жүру дегенді білдірмейді. Бір партияның ішінде де балама пікір, балама ұсыныс болуы мүмкін. Егер басқарушы партия осыған назар аударса, партияға деген сенім де артады. Яғни, Nur Otan-ның өзі ойын ережелерін қайта қарауы керек", – деп түйіндеді Расул Жұмалы.

Айта кетейік, 2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда кезекті мәжіліс сайлауы өтті. Nur Otan партиясынан 76 мандат, "Ақ жол" демократиялық партиясынан 12 мандат, ал Қазақстанның халық партиясы 10 мандат мәжіліс құрамына кірді. Тағы тоғыз депутат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланды.

Тақырып бойынша

"Бәріне қарсымын": сайлау бюллетенінде тағы бір таңдау ұяшығы болады  
Мәжіліске өткен үш партия қанша мандат алғаны белгілі болды
Тоқаев парламенттік оппозиция туралы конституциялық заңға қол қойды
Пандемия кезіндегі сайлау қалай өтті – фото
Назарбаев оппозиция туралы пікір білдірді
Оппозиция бағытында жүрген топтарға сабақ болғаны жөн - саясаттанушы
Кілт сөздер:
партия, сайлау
Загрузка...

Басты тақырып