Саясат

Саясаттанушылар мәжілістің жаңа депутаттары ішінде кімге сенім артатынын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЦИК зарегистрировала депутатов мажилиса парламента седьмого созыва. Вручение удостоверений и нагрудных знаков
ЦИК зарегистрировала депутатов мажилиса парламента седьмого созыва. Вручение удостоверений и нагрудных знаков - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Саясаттанушылар мәжіліске келген сарапшы мамандарға сенім артып отыр. Олардың пікірінше, жаңа депутаттарға мүмкіндік беру керек

НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Осы аптада мәжілістің жаңадан сайланған депутаттары өз куәліктерін алды. Парламенттің алғашқы отырысына қатысып, өз орындарын көріп қайтты. Ал ант беру рәсімінен кейін сынға ұшырады. Әлеуметтік желіде сан алуан видеолар да тарай бастады. Халық депутаттардың жұмысына күмәнмен қарайтынын жазып жатыр. Осыған байланысты Sputnik Қазақстан тілшісі саясаттанушылардың пікірін білді. Сарапшылар мәжілісмендердің ішінде кімге сенім артатынын айтты.

"Қарсы сөйлемейтіні айдан анық"

Саясаттанушы Дос Көшім мәжіліске барған сарапшы мамандарға сенім артып отыр. Олардың ішінде Айдос Сарым, Ерлан Сайыров, Қанат Нұров сынды депутаттар бар.  

"Баяғыда Медеу ауданының Асанов деген әкімі болды. Сол екі шақырылымда қалғып-шұлғып отырған. Меніңше, оның 10 жыл бойы депутат болғанын ешкім білмейді. Әрине, олардан гөрі Айдос Сарым, Ерлан Сайыров пен басқалардың барғаны дұрыс шығар. Бәлкім, олар сол жерде бір бастама көтереді, қозғау салады, бірдеңені өзгертуге тырысады. Ондай адамдардың барғанын қолдаймын. Сосын оларды өзім де білемін", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Осы орайда сарапшы бес-алты адамның көп нәрсені өзгерте алмайтынын да айтты. Себебі барлығы партиялық тізіммен өтіп отыр. Ондайда белгілі бір заң жобасыy тоқтату, я болмаса, дауысқа салу арқылы қабылдау оңай емес.

"Ал партияда партиялық тәртіп деген мәселе бар. Партияның белгілі бір бағыты мен ұстанымы бар, белгілі бір заңға көзқарасы бар. Сол партияның бағытына бағыну керек. Өкінішке қарай, дәл солай дауыс беру керек. Өйткені бұл – заңдылық. Оны бәріміз мойындайық. Егер мажаритарлық жолмен жеке округтан сайланса, басқаша болатын еді. Дептутат мені сайлаған халық бар деп айтады. Ал партияның атынан түскеннен кейін сол партияның сөзін сөйлемесе де, оған қарсы сөйлемейтіні айдан анық", - деп атап көрсетті Көшім.  

"Квотаны түсінбеймін"

Дос Көшім әйелдер мен жастарға арналған квотаны "жасанды мүмкіндік" деп атады. Себебі мәжілісте білімді әрі білікті мамандар отырсын десе, шектеу қоюдың қажеті жоқ.

"Парламентте саяси жағынан білімді әрі білікті азаматтар болуы керек десе, неге оның ішінде әйелдер мен жастардың саны 30 процент болуы керек? Неге біз оларға шектеу қоямыз? Неге әйелдер мен жастардың саны 90 процент болмайды? Осыны түсінбеймін. Парламенттің негізгі қызметі бар. Ал осы қызметке сай келетін адамдарды халықтың өзі сайлауы керек. Ол әйел бола ма, 95 жастағы қария бола ма, 25-тегі жас жігіт бола ма, мәселе оның біліктілігінде", - дейді Көшім.

Саясаттанушы кеңестік заманда болған квотаны еске алды. Ол кезде жоғары кеңесте шаруаларға, әскерилерге және зиялы қауымға квота бөлініп тұрған.

"Жоғары кеңесте 30 процент шаруалар болуы керек деді. Сонымен, біздің малшылар мен сауыншылар барып отырды. Заңның не екенін білмейді, бірақ Мәскеуге барады да, қолдарын көтеріп отырады. Себебі олар – жоғары кеңестің депутаттары. Сосын жұмысшылар, әскерилер мен зиялы қауымның квотасы болған. Біз қазір соған қайта келдік", - деп атап көрсетті Көшім. 

"Мәжілістің жұмысына серпін береді"

Саясаттанушы Расул Жұмалы да әріптестеріне сенім артып отыр. Оның айтуынша, мәжілістің құрамы сапалық тұрғыда жаңарып, жасарды деуге негіз жеткілікті.

"Біріншіден, қатарынан үш-төрт мәртелеп депутат болып, зейнеткер жасынан баяғыда асқандар орындарын босатып жатыр. Екіншіден, партиялардың барлығы дерлік жаңа есімдермен толығып, халық алдында маңызды міндеттемелерді алып отыр", - деп жазды Жұмалы Facebok парақшасында.

Сарапшы билік партиясының өзі жаңарудың жақсы үлгілерін көрсеткенін де атап өтті. Бұған дейін праймериз сынға алынса да, соның 36 жеңімпазы парламентке енді.

"Ал, жалпы алғанда, құрамның Айдос Сарым, Берік Әбдіғалиұлы, Ерлан Сайыров сынды танымал, тәжірибесі де, елге берері мол азаматтармен күшейтілуі мәжілістің жұмысына серпін берері сөзсіз", - дейді Жұмалы.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев та мәжіліске кірген білікті мамандардың реформаларды ойдағыдай іске асыра алатынына сенім білдірді.

"Сарапшылар қауымдастығы мен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әріптестерімнің ішінен Берік Әбдіғалиұлы, Қанат Нұров, Ерлан Сайыров пен Айдос Сарым парламентке өтті. Әрбіреуін жақсы білемін және кәсіби тұрғыда бағалаймын. Олар мәжілістегі кейбір әріптестерімен бірге президент жариялаған саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді заңнама жағынан қамтамасыз ететін жетекші топқа айналады деген сенім бар", - деп жазды Чеботарев.

Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде дәл осы азаматтардың билік партиясының атынан мәжіліске өтуіне қатысты сан алуан әңгімелер тарай бастады. Осы орайда саясаттанушы Дос Көшім асығыс шешім шығармауға кеңес беріп отыр. Оның айтуынша, халықтың қолдауы болмаса, бір нәрсені өзгерту мүмкін емес. 

"Мен бір-ақ нәрсе айтатын едім, оларға енді баға берейік. Олар жаңа жұмысқа келді. Осыдан кейін айтқан сөздеріне, дайындаған заңдарына, сол заңдарды қорғаған кезде айтқан дәлелдеріне баға берейік. Сосын керек кезде оларды қолдай білейік", - дейді Көшім.

Жаңалықтар
0