Саясат

Nur Otan-ның жас депутаты неге жұрттың сынына ұшырады

© Sputnik / Владислав ВодневПраймериз
Праймериз - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматыда өткен жиындардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған 25 жастағы Мәди Ахметов мәжіліс депутаттығына өтті

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Қазақстандықтар мәжіліске өткен депутаттардың тізімін қызу талқылап жатыр. Әсіресе, Nur Otan-ның партиялық тізіміне енген 25 жастағы Мәди Ахметовты сын тезіне салып жатқандар көп.

Мәди Ахметов қалай танылды

2019 жылы Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Көшбасшылыққа 30 жыл" халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылған болатын. Сол жерде Ахметов тұңғыш президентке ескерткіш орнатуды ұсынды. 

"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, біз жастар атынан мемлекетіміздің негізін қалаушы ретінде және еліміздің дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін Алматыдағы Назарбаев даңғылында сіздің ескерткішіңізді орнатуға қатысты ұсынысымызды қабылдауыңызды сұрайымыз", - деді "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.

Назарбаев ескерткіш қоюға қарсы екенін жеткізді. "Рақмет! Жастардың тарапынан осындай ұсыныс түсіп жатқанына қуаныштымын. Бірақ өз басым ескерткіштерге қарсымын. Дәл қазір алдарыңызда отырмын ғой. Ескерткіш не үшін керек?", - деп жауап берді Назарбаев. Алайда артынан халық қолдаса, қарсы емес екенін айтты. 

"Қазір бәрі менің қолымда емес. Мен президент емеспін ғой. Халық осыны қаласа, мен бас тартуға құқылы емеспін. Сіздерге рақмет! Бақытты болыңыздар!", - деді Елбасы. 

Ал өткен жылы қараша айында Мәди Ахметовтың билік партиясының атынан сайлауға түсетін кандидаттар партиялық тізіміне енгені белгілі болды. 

Қазнетте оралдық секс-шоптың Мәди Ахметовқа сыйға тартқан жеңілдігі де кеңінен талқыға салынды.  

Қазақстандықтардың көңілі неге толмайды

12 қаңтарда Nur Otan партиясының ресми сайтында билік партиясының атынан мәжіліске өткен 76 адамның тізімі жарияланған болатын. Олардың ішінде 25 жастағы Мәди Ахметов та бар.  

Қазақстандық заңгер Ержан Есімханов Instagram желісіндегі парақшасында Елбасының ескерткішін орнатуға ұсыныс жасаған жас жігіттің депутат болғанына қатысты өз ойын ашық жазды. 

"Мәжіліске Елбасыға ескерткіш қою туралы ұсынысымен ғана танылған адам өтіп отыр. Айтпақшы, ол осы ұсынысын жастардың атынан жариялады. Мен Қазақстан жастарының біраз өкілімен сөйлестім, біреуі де оған ондай өтініш жасамаған", - деді Есімханов. 

Ал Facebook қолданушысы Ілияс Мыңжасаров үлкендерге арналған дүкенде Ахметовке жеке-дара жеңілдік жасалғанын еске алды.

Жалпы, желі қолданушыларының көбісі жас жігіттің депутат қызметіне келуіне күдікпен қарайтынын ашық жазды.  

Ахметов туралы не білеміз

Мәди Ахметов 1995 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Мәжіліс депутаты қызметіне дейін "Жас Отан" жастар қанатының Алматы қалалық филиалын басқарды. 

Nur Otan-ның жас депутаттары

Ахметовтан бөлек, Nur Otan партиясының атынан мәжілісі депутаттығына президенттік жастар кадрлық резервінің қатысушылары  Тілектес Адамбеков мен Зульфия Сүлейменова ұсынылды. 

Айта кетейік, бүгінде президенттік жастар кадрлық резервіне кіретін 300 адамның жартысынан көбі – 168 резервист мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік кәсіпорындарда жұмысқа орналасты.

 

Жаңалықтар
0