Саясат

Қазақстандағы сайлау: ТМД бақылаушылары мәлімдеме жасады

© Sputnik / Абзал КалиевЦентральная избирательная комиссия Казахстана
Центральная избирательная комиссия Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Халықаралық бақылаушылар пандемия жағдайында қолға алынған алдын алу шараларын жоғары бағалап, сайлаушылардың қызығушылығын ерекше атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Қазақстандағы мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы әділ әрі Конституцияға сай өтті. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы атынан келген байқаушылар миссиясы осындай шешімге келді,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Миссия басшысы Виктор Бондаревтің айтуынша, ұйымның атынан 234 бақылаушы тіркелген болатын. Олардың ішінде ТМД парламентаралық ассамблеясы, Ресей мен Беларусь одағының парламенттік жиналысы, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясы мен ТМД-ның атқарушы комитетінің өкілдері де бар. 

"Орталық сайлау комиссиясы мен аймақтық комиссиялар сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастырды. ОСК әйелдер мен жастар квотасын сақтай отырып, барлық бес партияның тізімдерін тіркеді. Сайлау тыныш және Конституциялық заңның аясында өтті. Байқаушылардың тарапынан сайлауалды үгіт-насихатқа қатысты ескертулер болған жоқ. Орталық органдар және бұқаралық ақпарат құралдары сайлаушыларды сайлауалды науқан туралы хабардар етіп отырды. Хабарландыру үшін СМС жіберу қызметі де пайдаланды", - деді Бондарев.

Бұдан бөлек, миссия басшысы барлық сайлау учаскесінде қолға алынған санитарлық шараларды да ерекше атап өтті. Соның арқасында коронавирус пандемиясы кезінде сайлау учаскесі мүшелері, бақылаушылар мен сайлаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 

"Миссия Қазақстандағы сайлау көппартиялы негізде ашық, әділ және Конституцияға сай өтті деген қорытындыға келді. Миссия Қазақстандағы парламенттік сайлаудың нәтижесіне әсер ететіндей тәртіп бұзушылықтарды тіркеген жоқ", – деп атап көрсетті Бондарев.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы

10 қаңтарда қазақстандықтар мәжіліс пен мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдады. Халық бес партияға дауыс берді. 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихаттар (596) және 163 аудандық мәслихаттар (2 091 мандат) бар. 

Ал мәжіліске 107 депутат сайланады. Олардың ішінде 98 депутат партиялық тізіммен өтсе, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.

Сайлаудың алдын ала нәтижесіне сәйкес, 7 проценттік межеден үш партия асты:

  • Nur Otan – 71,09%;
  • Ақ жол –10,95%;
  • Қазақстан халық партиясы – 9,10%;
  • Ауыл–5,29%;
  • Адал –3,57%.

 

Жаңалықтар
0