НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. "Қоғамдық пікір" зерттеу институты парламенттік сайлау бойынша Exit-poll нәтижесін жариялады. Мәжіліске үш партия өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Парламенттік сайлауда Exit-poll нәтижесі бойынша:
- Nur Otan – 71,97%;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы – 10,18 %;
- Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер) – 9,03%;
- "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы – 5,75%;
- "Адал" партиясы – 3,07%.
Мәжіліске өту үшін партия кем дегенде 7 процент жинауы тиіс болатын.
Қоғамдық пікір институты 10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шығаберісте азаматтарға сауалнама жүргізді.
Exit Poll 600 сайлау учаскесі қамтыды. Оның ішінде 316-сы – қалада, 284-і – ауылда. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, барлық облыс орталығы мен аудандық маңызы бар қалалар, шағын қалалар және ауылдық елді мекендерде жүргізілді.
"Күні бойы сауалнаманың төрт толқыны өткізілді. Нәтижесінде 24 мың сайлаушы сауалнамаға қатысты. Сауалнама қателігі – 2 пайыз шамасында", - деді Мәжитова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сауалнама кезінде респонденттерге бір сұрақ қойылған: "Қазақстанның парламенттік сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз?"
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде сайлаудың нәтижесін жариялайды. 7 проценттік межеден асқан саяси партиялар мәжіліске өтеді.
Парламент сайлауына қанша қазақстандық қатысты
Елорда уақытымен сағат 22.00-де Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылар саны бойынша алдын ала қорытындыны жария етті.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, сайлаушылардың 63,3 проценті өз таңдауын жасаған.
Өңірлер арасында Солтүстік Қазақстан облысы 75,5 процентпен көш бастады. Ал сайлаушылардың белсенділігі ең төмен өңір – Алматы қаласы, небәрі 30,3%.
Дауыс беру Қазақстанның шет елдердегі өкілдігі жанынан ашылған 42 сайлау учаскесінде әлі жалғасып жатыр. Дауыс беруді ең соңғы болып АҚШ пен Канададағы сайлаушылары аяқтайды.
Exit Poll дегеніміз не
Сайлау кезінде дауыс берген азаматтардың арасында өткізілетін анонимді сауалнама "Exit Poll" деп аталады. Экзит-полл сайлаудың алдын ала нәтижесін жасау арқылы оны бұрмалауға жол бермейді.
Заң бойынша экзит-поллды сайлауға дейін өткізуге болмайды. Сайлау кезінде дауыс беретін үй-жайлардың ішінде де жасауға рұқсат жоқ. Экзит-полл тек сыртта дауыс берген сайлаушылар арасында ғана жүргізіледі. Ал оның нәтижесін жариялағанда ақпарат көзін, сауалнаманың уақытын, мәлімет жинаудың әдіс-тәсілін, нақты сұрақты, сауалнамаға қатысқан адамадардың саны мен қателік коэффицентін міндетті түрде көрсету керек.