НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның көптеген облысында жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде сайлау учаскелері ашылды.
Дауыстарды санау кешкі сағат 20.00-де, учаскелер жабылғаннан кейін басталады.
Тек Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында дауыс беру уақыт белдеуі арасындағы айырмашылыққа байланысты қалған өңірлерге қарағанда бір сағатқа кеш басталып, кеш аяқталады.
Мәжіліс сайлауымен қатар елде барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтеді.
Республикада 11,9 миллионнан аса сайлаушы тіркелген.
Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдайларға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.
Тағы оқыңыз: Сыртқы істер министрі алдағы сайлауға қатысты мәлімдеме жасады
Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
Парламент сайлауына 1 проценттік резервпен барлығы 12 038 433 бюллетень әзірленді. Бланкілерді дайындау үшін 138 441 979 теңге жұмсалған. Бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде басылады.
Қазақстандағы парламент сайлауы
Сайлауда мәжілістегі орындарға бес партия таласады.
- Nur Otan;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы;
- Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер);
- "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
- "Адал" партиясы.
Мәжілістің 98 депутаты партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан келеді.
Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.