Саясат

Қазақстанда парламент сайлауы өтеді

© Sputnik / Абзал КалиевМәжіліс пен мәслихаттар сайлауына шақыру
Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына шақыру - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі көктемде, 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Spunik. Қазақстандықтар бүгін, 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында дауыс береді. Республикада 11 919 241 азамат дауыс беру құқығына ие, деп хабарлайды Spunik Қазақстан.

Кімдер дауыс бере алады

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдайларға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Дауыс беруге баратын сайлаушы жеке куәлігін ұмытпауы тиіс.

Сайлау учаскелері таңғы сағат жетіде ашылып, кешкі сегізде жабылады. Осыдан кейін дауыстарды санау басталады.

Коронавирус белгілері бар сайлаушылар не істейді

Сайлау учаскелерінің кіреберісінде дауыс беруге келген адамдардың дене қызуы өлшенеді.

Егер дене температурасы көтерілгені (37°C-ден жоғары) және COVID-19-дың басқа белгілері анықталса, олар сайлау учаскесіндегі бөлек бөлмеге оқшауланады.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 41-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен сайлаушы оқшау бөлмеде дауыс беруге құқылы.

Тағы оқыңыз: Дауыс беру бюллетені қымбаттады

Сайлау процесіне қатысатындардың барлығы міндетті түрде бетперде киіп, қолдарын антисептикпен тұрақты өңдеп, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек. Бір реттік бетперделер әрбір үш сағат сайын ауыстырылады.

Ал коронавирус жұқтырғандарға комиссия мүшелері өздері барады.

Партиялар бюллетеньде қандай тәртіппен орналасқан

Парламент сайлауына барлығы 12 038 433 бюллетень әзірленді. Айта кету керек, бюллетеньдер дауыс берушілердің жалпы санының 1 проценттік резервімен дайындалды.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы партиялар үшін жеребе тарту ұйымдастырған болатын. Сайлау бюллетеньдерінде партиялар мынадай кезекте орналасады:

  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер);
  • "Nur Otan" партиясы;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • "Адал" саяси партиясы ( бұрынғы "Бiрлiк").

Қазақстандықтар сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Сайлаушы саяси партиялардың атауы бар бюллетеньде өзі жақтап дауыс беретін партия атауының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгi қояды.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдi дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

Сайлау учаскесінде фото-видео түсіруге бола ма

Бақылаушы немесе БАҚ өкілі саналмайтын сайлаушылар сайлау учаскесінде фото, видео түсіріп, аудио жаза алмайды.

Бұл ретте бақылаушыларға сайлау учаскесінен онлайн трансляция жүргізуге тыйым салынған.

Айта кетсек, мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Қазіргі Қазақстан тарихында парламент мәжілісіне сайлау алты рет – 1995, 1999, 2004, 2007, 2012 және 2016 жылдары өтті.

Жаңалықтар
0