НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша — Sputnik. Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында Ресей үкіметі басшысының орынбасары Алексей Оверчук пен "Сбербанк" БАҚ президенті, басқарма төрағасы Герман Греф бастаған ресейлік делегациямен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Іс-шара барысында ресейлік делегация өкілдері Қазақстан президентіне цифрлық шешімдердің жобалары, цифрландыру саласындағы кешенді әзірлемелері жайында егжей-тегжейлі айтып, Sber экожүйесін пайдалану тәжірибесімен бөлісті.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметінің басшыларымен және ресейлік делегация өкілдерімен экожүйелерді технологиялық тұрғыдан дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру мәселелері бойынша екіжақты іс-қимыл жөнінде пікір алмасты", - делінген хабарламада.
Кездесу соңында мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан мен Ресей тарапы цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.