НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы кейінге шегерілді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумының өтетін уақыты кейінге шегерілді. Бұған дейін форум қараша айының екінші жартысында екі ел басшыларының қатысуымен Көкшетау қаласында өтеді деп жоспарланған болатын", - деп жазды Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.
Көкшетау форумы
Биыл Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы Көкшетау қаласында өтеді деген жоспар болды. Осы шараның тақырыбы да жарияланған. Ол – экология және жасыл экономика.
2003 жылы аймақаралық ынтымақтастық форумы алғаш рет Омбы қаласында ұйымдастырылған болатын. Оған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин қатысты. Содан бері екі елдің президенттері шекаралас аймақтарда жиі кездесе бастады. Ал аймақаралық форумы дәстүрлі шараға айналды. Осы жолы форумды шекаралас емес жерде өткізуге шешім қабылданды.
Бұған дейін Sputnik Қазақстанға сұқбат берген экология министрі Мағзұм Мырзағалиев COVID-19 пандемиясына байланысты іс-шаралардың бір бөлігі онлайн форматта өтетінін айтқан. Форумға дайындық жұмыстары Көкшетауда, сондай-ақ, Бурабай мен Зерендіде жүргізілді.