НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Сооронбай Жээнбековтің отставкасынан кейін Қырғызстан президентінің міндетін атқарып жүрген премьер-министр Садыр Жапаров отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
"Мен ел қатарлы сайлауға түсемін. Егер жеңсем, президент боламын. Жеңілсем, сіздердің араларыңызда қатардағы азамат болып жүре беремін", - деді Жапаров Нарын облысы халқының алдында сөз сөйлегенде.
Сооронбай Жээнбековтің отставкасынан кейін өткелі жатқан мерзімінен бұрын президент сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленді. Конституция бойынша президенттің міндетін атқарушы мемлекет басшысы қызметіне өз кандидатурасын ұсына алмайды.
Бұған дейін Жапаров егер мүмкіндік жасалса, сайлауға қатысатынын айтқан еді. Алайда қырғызстандықтар саясаткер үшін Конституцияны қайта қарауға дайын емес.
Жапаров кім
Садыр Жапаров 1968 жылы 6 желтоқсанда Қырғызстанның Ыстықкөл облысы Кен-Суу ауылында дүниеге келді. Үйленген. Төрт баланың әкесі.
Еңбек жолын Қырғызстанның Шу ауданы "Санташ" ұжымшарында қарапайым жұмысшы болып бастады.
2005 жылға дейін бірқатар кәсіпорынды басқарды. Саяси мансабын 2005 жылы Қызғалдақ төңкерісінен кейін бастады. 2005-2007 және 2010-2013 жылдары Жогорку Кенеш депутаты болып сайланды.
Тағы оқыңыз: Қырғызстан премьері президент міндетін атқаратын болды
2007-2009 жылдар аралығында Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бәкиевтің кеңесшісі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұлттық агенттіктің комиссары болды. 2009-2010 жылдары Қырғызстан мемлекеттік кадр қызметі жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу агенттігін басқарды.
2012 жылдың күзінде Жапаров "Құмторды" мемлекет меншігіне алуды талап еткен азаматтармен бірге митингке шығып, Ақ үйді басып алмақ болды.
2013 жылдың наурызында сот оны кінәлі деп тауып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда маусымның ортасында саясаткер ақталып, сот залынан босап шықты.
2013 жылы маусымның соңында Қаракөлде "Құмторға" қарсы митинг өтіп, наразылық білдіргендер облыс губернаторы Эмилбек Каптагаевты кепілге алмақ болды. Үкімет бұған Садыр Жапаров пен Кубанычбек Кадыровты айыптады.
Наразылық лидерлері ұсталды, бірақ Садыр Жапаров еш қатысы жоқ екенін айтып, елден кетті. Саясаткер 2017 жылға дейін Кипрде тұрды.
2017 жылы 25 наурызда елге оралмақ болғанда қырғыз-қазақ шекарасында ұсталды.
Осыдан кейін сот Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты облыс губернаторын кепілге алғаны үшін 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
2020 жылы 5-нен 6 қазанға қараған түні Жапаровты жақтастары түрмеден босатып алды.