Саясат

Парламент сайлауы қашан өтетіні белгілі болды - Тоқаев жарлыққа қол қойды

© Photo : Официальный аккаунт мажилиса парламента РК в FacebookЗдание мажилиса парламента Казахстана
Здание мажилиса парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Қазақстан парламенті мәжілісінің сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Қазақстан халқы ассамблеясынан парламентке сайланатын депутаттардың сайлауы 11 қаңтарға белгіленді, деп хабарлады Ақорда. 

Қазақстанда парламенттің төменгі палатасының кезекті сайлауын өткізу күнін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен бекітті.

Парламент сайлауын тағайындау регламенті

Конституцияның 49-бабының екінші тармағына сәйкес, парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңа шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясы жұмысының басталуымен аяқталады.

Мәжілістің бұған дейінгі сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында, бірінші сессиясы 2016 жылдың 25 наурызында өтті. Дәл осы күннен бастап палатаның қазіргі құрамының өкілеттігі басталды.

Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл. Осылайша, мәжілістің қазіргі шақырылымының өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы парламенттің қазіргі шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі. Өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталатын парламенттің төменгі палатасының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі қажет.

"Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан президенті кезекті сайлауды мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бес ай бұрын тағайындайды.

Қазір мәжіліс депутаттары 2020 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған алтыншы шақырылымның алтыншы сессиясы аясында жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанда қанша мәжіліс сайлауы өтті

Қазіргі Қазақстан тарихында парламент мәжілісіне сайлау алты рет - 1995, 1999, 2004, 2007, 2012 және 2016 жылдары өтті.

Олардың ішінде мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы үш рет  – 2007, 2012 және 2016 жылдары (мәжілістің үшінші, төртінші және бесінші шақырылымы) тағайындалды.

Мәжіліс құрамы

Қазақстан Конституциясына сәйкес, мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Тоғыз депутат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады. Қалған 98 депутат бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізім негізінде сайланады. Яғни, сайлаушылар өз дауысын саяси партияларға береді, ал олар өз кезегінде кандидат тізімін қалыптастырып, оны орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Партиялар мәжіліске өтуі үшін 7 проценттік шекті еңсеруі қажет.

Мәжілістегі орындар партияның сайлаушылардың қанша процент дауысына ие болғанына байланысты бөлінеді.

Жаңа заңға сәйкес, (2020 жылдың мамырында қабылданды) саяси партияларды құру үшін тіркеу шегі партияның 40 мың мүшесінен 20 мыңға дейін төмендеді. Сондай-ақ, партиядан мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу үшін тізімге енгізілген адамдардың жалпы санынан жастар (29 жасқа толмаған адамдар) мен әйелдер үшін кемінде 30% мөлшерінде квота белгіленді.

Жаңалықтар
0