Саясат

Сарапшылар ауыл әкімін сайлау кезінде қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЕр адам, портфель
Ер адам, портфель - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазір Қазақстанда ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни аудандық мәслихат депутаттарының шешімімен сайланады

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді тапсырды. Яғни, бұдан былай әр елді мекен өз әкімін өзі сайлайды. Sputnik Қазақстан тілшісі қазақстандық саясаттанушылардан жаңа жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы сұрады.  

"Ауыл әкімін сайлау – бұл тест"

Саясаттанушы Самат Нұртаза ауыл әкімдерін дауыс беру арқылы сайлауды қос қолдап құптайтынын айтты.

"Менің ойымша, ауыл әкімдерін сайлаған дұрыс. Бірақ, бұл жерде бір ньюанс бар. Кейбір аймақтарда адамды ақылдылығы мен тәжірибесіне қарай емес,  "біздің елдің жігіті ғой" деп сайлап жіберуі мүмкін. Сондықтан да барлық ауылда сайлау жүз пайыз әділ өтеді деп айта алмаймын. Олай айту өтірік болар еді", - дейді ол.  

Алайда сарапшы Қазақстан демократияға ұмтылған, либерализмге қадам басқан ел болғандықтан, жаңа бастаманы қолға алып көруі керек деп санайды.

"Алдымен, ауылдарда. Егер ауыл деңгейінде нәтиже шықпай, ру-тайпалық, ұлт мәселесі көтеріліп, ушығып жатса, онда, әрине, аудан әкімдерін сайлауға ешқашан көшпейміз. Ал егер бәрі ойдағыдай іске асып, ауыл халқы "әкімімізді сайлап алдық, біз қуаныштымыз" десе, онда билік мұны байқап, 2027 немесе 2030 жылы аудан әкімдерін сайлай бастауымыз мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, ауыл әкімін сайлау – бұл тест", - дейді Самат Нұртаза.

Сарапшы ауылды халыққа сөзі өтетін беделді адам басқаруы қажет деп есептейді.

"Әкімді сайлап алған соң, ертең мемлекетке "неге ауылда су, жарық жоқ" деп ренжи алмайсың. Өйткені мұның бәрін сайлаған әкім шешуі керек. Мысалы, бұрын неге мемлекетке мінін айтып ренжитін? Себебі әкімді тағайындайтын. Ал қазір өзің сайладың ба, өзің талап етуің керек", - дейді Нұртаза.

Тағы оқыңыз: Ауыл әкімдерін халық сайлайды – Тоқаев

Сондай-ақ, саясаттанушы сайлау кезінде әкімшілік ресурстың ықпалы болады деген уәжбен келіспейді.

"Себебі 30-40 үйі бар ауылда әкім қызметі қатты қызығатын, миллиондаған ақшасы бар жұмыс емес. Керісінше, еңбекқорлықты талап ететін лауазым", - дейді ол.

Бұдан бөлек, Самат Нұртаза түрлі ұлт өкілдері аралас тұратын елді мекендерге қатысты пікір білдірді. 

"Мәселен, Петропавлдың ауылдарында қазақты әкім етіп сайламайды. Ол жүз пайыз белгілі дүние. Мемлекет қалған қазаққа осыны көрсеткісі келіп отыр. Сөзбен айтса, көбісі түсінбейді. Біздің оңтүстікте, батыста өмірі орыс ұлтын көрмей өскен қазақтар бүкіл Қазақстанды өз ауылы сияқты елестетеді. Шын мәнінде олай емес. Риддер, Рудный, Петропавлда жағдай мүлде басқаша. Билік осыны сөзбен емес, нақты іспен жеткізгісі келеді", -деп санайды саясаттанушы.

Қазіргі жүйе неге тиімсіз?

Ал саясаттанушы Андрей Чеботарев төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру процесі келер жылы аяқталса, ауыл әкімдерін тікелей сайлау өзін ақтайды деп есептейді.

"Өйткені билікке жергілікті халықтың сеніміне ие болған адамдар келеді. Оған қоса, оларда қаржылық ресурстар болады. Бірақ, дәл қазір сайлауды ешкім өткізбейтіні түсінікті. Себебі президент сайлаумен қоса, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Меніңше, алдымен, осы қызмет жүзеге асырылып, тек содан кейін ғана ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу тетігі әзірленеді", - дейді сарапшы.

Тағы оқыңыз: Президент Орталық сайлау комиссиясының төрағасына тапсырма берді

Ол ауыл басшылығына жүйеден тыс адамның келуі сайлаудың қалай өткізілетініне байланысты екенін айтты.

"Ауыл әкімінің сайлауы әртүрлі жылдары эксперименталды түрде төрт рет өткізілді. Алғаш рет 1999 жылы Шамалған ауылында өткен еді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері болғандықтан, әкімшілік ресурс қолданылған сияқты. Соның арқасында керекті адам әкім болып сайланды. Тіпті Елбасының туысқаны да болуы мүмкін. Шамалған тұрғындары әкімді тікелей дауыс беру арқылы таңдады.

2001 жылы сынақ түрінде тағы бір сайлау өтті. Ол кезде қанша әкім сайланғаны есімде жоқ. Ауыл әкімін іріктелген сайлаушылар сайлады. Яғни, алдымен, ауыл тұрғындары  сайлаушыларды сайлап алды. Сосын әлгі сайлаушылар әкімдерді сайлады. Бұл қаншалықты тиімді болғанын ешкім білмейді, өйткені, олар аз ғана уақыт қызмет етті. Сондықтан да тікелей сайлау ма, жоқ әлде, сайлаушылардың көмегімен өткен сайлау тиімді болды ма, ол жағы белгісіз. Ал қазіргі қолданыстағы жүйе, яғни ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы тиімсіз екені түсінікті. Себебі оның кәдімгі тағайындаудан еш айырмашылығы жоқ", - дейді Чеботарев.

Айтуынша, кейбір ірі ауылдарда сайлау кезінде этникалық фактордан бөлек, ру, жүзге бөліну факторы рөл ойнауы мүмкін.

Сондай-ақ, саясаттанушы ауыл әкімі лауазымына үмітті кандидаттарға жас шектеуі қойылмауы керек деп санайды.

"Ең бастысы – сайлаушының шешімі. Сайлаушы кімге дауыс беретінін өзі шешуі тиіс", - дейді сарапшы.

Жаңалықтар
0