Саясат

Зеленскийдің президент болғанына бір жыл: сарапшылар не дейді?

© REUTERS / GLEB GARANICHПрезидент Украины Владимир Зеленский
Президент Украины Владимир Зеленский - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осыдан тура бір жыл бұрын Украина президенті Владимир Зеленскийді ұлықтау рәсімі өтті. Саяси тәжірибесі жоқ ол екінші айналымда сайлаушылардың 73% дауысын жинап, Петр Порошенконы айқын басымдықпен жеңді

Бүгінге дейін Зеленский өзінің сайлау алдында берген кейбір уәделерін орындады. Атап айтқанда, депутаттың дербес құқықтылығын алып тастады. Ал Донбаста бейбітшілікті қамтамасыз ете алған жоқ. Сондай-ақ, ол қолында бұрын-соңды болмаған биліктің шоғырлануына қарамастан, елді реформалауда және "кедейлік дәуірін" еңсеруде айтарлықтай жетістіктерге жете алмады.

Оған қоса, лауазымды қызметке тағайындау кезінде "тамыр-таныстыққа" жол беретіндігі үшін қоғам тарапынан жиі сынға ұшырады. Кадр тапшылығы да оның жұмысының тиімділігіне кері әсерін тигізуде: көбінесе негізгі лауазымдарға үміткерлер болмайды немесе оларды бұрынғы шенеуніктердің арасынан іздеуге тура келеді. Ресеймен де қарым-қатынас қалыпқа келе қоймады.

РИА Новости-ге сұхбат берген сарапшылардың пікірінше, Зеленский "осы уақытқа дейін президент болуды үйренді, бірақ ол кеме штурвалын қалай басқаруды әлі де меңгеру керек".

Кадр тапшылығы мен тамыр-таныстық

Зеленский президенттігінің басты мәселесі кадр саясаты болып шықты: билікке ел басқару үшін командасы жоқ адам келді. Саясатқа мүмкіндігінше жаңа адамдарды көп тарту туралы сайлауалды идеясы да сәтсіздікке ұшырады.

"Зеленский мен сайлаушылар жаңа адамдарды жинау жеткілікті, сондықтан бәрін тез арада шешуге болады деп ойлады. Алайда, күрделі мәселелерді тез әрі қарапайым түрде шешу мүмкін емес", – дейді украиналық саясаттанушы Владимир Фесенко.

"Слуги народа" депутаттарының арасындағы жаңа есімдер тез арада "ескіге" айналды. Билік партиясы бейресми ықпал ету топтарына бөлініп, тұрақсыз жұмыс істеп жатыр.

"Президент команданы асығыс жинақтағандықтан оны тәртіпке салу мен жұмылдырудың бірден-бір өлшемі – өзі. Өйткені, идеологиялық немесе құндылық факторлары жоқ. Зеленский болмаса – ол жасаған жүйе де болмайды", – деді Фесенко.

Кадр саясатының тиімсіздігі Украина экономикасындағы проблемаларға алып келді. Премьер-министр Алексей Гончарук басқарған Зеленскийдің алғашқы үкіметі мемлекеттік бюджет түсімін іске асыра алмады. Бұл әлеуметтік төлемдер проблемасына әкеліп, нәтижесінде министрлер кабинеті таратылды.

Гончаруктың орнына Денис Шмыгаль келді. Украина Радасы коронавирус індетіне байланысты экономиканы тұрақтандыру жоспарын ұсына алмай отырған бұл үкімет те таяуда отставкаға кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

К.-Ж. Токаев встретился с Владимиром Зеленским  - Sputnik Қазақстан
Саясат
Тоқаев пен Зеленский не туралы сөйлесті?
"Кадр саясатында таңғаларлық жағдайлар болып жатыр. Билікке тек бұрынғы шенеуніктер ғана емес, сонымен бірге саяси биографиясы өте күмәнді адамдар да келуде", – деп жазды "Новое время" басылымында "Центр UA" қоғамдық ұйымының басшысы Олег Рыбачук.

Украинаның саясат анализі және менеджменті институтының директоры Руслан Бортниктің айтуынша, кадр саясатындағы қателіктер айқын көрінуде. Өйткені, Зеленский алты айдан кейін үкімет пен бас прокурорды және президент кеңсесінің басшысын ауыстыруға мәжбүр болды.

"Бұл кадр саясатының жүйесіз екенін көрсетеді. Билікке кездейсоқ адамдар жиі келеді, рейтинг төмендесе де, олардан тез арылуға тура келеді", – деді сарапшы РИА Новостиге.

Зеленскийдің өз достары мен туыстарын жоғары лауазымды қызметке тағайындамау туралы сайлаушыларға берген уәдесі оның жеңіске жетуіне көмектескен еді.

2019 жылдың сәуірінде мемлекеттік лауазымдарға кімдерді тағайындайсыз деп сұраған журналистерге Зеленский "Уайымдамаңыздар. Бізде тамыр-таныстық болмайды" деп жауап берген болатын.

Алайда, бір жылдан кейін "Студии Квартал 95" бағдарламасының тағы бір қатысушысы мемлекеттік лауазымға тағайындағаннан кейін украиналықтар таңданудан қалды.

Мәскеу және батыспен қарым-қатынас

Сыртқы саясатта Зеленский Киевтің еуропалық интеграциялық векторын сақтап қалды және НАТО-мен ынтымақтастықты жалғастыруда. 

"Президенттің командасында сратегиялық жоспарлау сезілмейді. Іс жүзінде біз бұрынғы көпвекторлы саясатты жалғастырып жатырмыз", – дейді халықаралық перспективалық зерттеулер орталығының сарапшысы Николай Капитоненко.

Өз кезегінде саясаттанушы Бортник көпвекторлы саясатқа қайта оралу туралы айтудың қажеті жоқ деген пікірде. Әншейін жаңа президент еуропалық интеграцияны Порошенко сияқты белсенді ілгерілетіп жатқан жоқ. 

Норманд форматы Ресей мен Украина қарым-қатынасының жақсаруына көмектесті ме - Sputnik Қазақстан
Видео
"Норманд форматы" Ресей мен Украина қарым-қатынасының жақсаруына көмектесті ме?
"Біз еуропалық интеграцияны ілгерілетуді тоқтаттық, бірақ оған Зеленскийдің жеке позициясы емес, дағдарыс, коронавирус әсер етіп отыр. Батыс өз проблемаларына қайта оралды. Қалай десек те, ешкім ЕО мен НАТО-ға белгіленген бағдардан бас тартпайды, бұл конституцияда бар. Бірақ ешкім бұл процестерді жеделдетіп жатқан жоқ", – дейді сарапшы.

Ал Ресеймен қарым-қатынаста қандай өзгерістер бар?

"Біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз грузиялық сценариймен жүруде. Бір жағынан маңызды транзиттік газ келісімшарты жасалды, саудада кедергілер азайды, ал екінші жағынан саяси қарым-қатынас тұрақтанды айта алмаймыз. Украинада Ресей елшісі жоқ және саяси қатынастар өте төмен деңгейде", – дейді Бортник.

Мәскеу мен Киевтің қарым-қатынасы Донбастағы жағдайға байланысты нашарлады. Украина билігі бұған дейін Ресейді елдің ішкі ісіне араласады деп бірнеше рет айыптады. Тіпті, 2015 жылы қаңтарда Жоғарғы Рада Ресейді "агрессор ел" деп атаған мәлімдеме қабылдады. Ал Ресей Украинаның мұндй айыптауларын жоққа шығарады.

Рейтингтің төмендеуі

Қателіктер мен кейде көпшілік түсіне бермейтін шешімдерге қарамастан егер жақын арада сайлау өткізілсе, Зеленский тағы да жеңіске жетер еді. Соңғы сауалнамаларға сүйенсек, сайлаушылардың 40%-тен астамы өз дауысын беруге дайын.

Былтырғы сайлаудың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша ол барлық кандидаттар ішінде ең көп (30,24%) және сол кездегі президент Порошенкодан екі есе көп дауыс жинады. Ал сайлаудың екінші кезеңінде Зеленский 73,22% дауыс жинап, жеңіске жетті.

"Зеленскийдің партиясы он айда әрбір төртінші сайлаушыны жоғалтты, ал президенттің өзі сайлаушылардың 30 процентінен айырылды. Рейтинг жоғары болып қалғанымен, оның төмендеу динамикасы байқалады", – деді Бортник.

Оның пікірінше, қоғам саяси революция мен әлеуметтік-экономикалық байланыстардың өзгерісін күтті. Алайда, бұл болмады және Зеленский өзіне мұра болған жүйені басқарып отыр, дейді сарапшы. 

Жаңалықтар
0