Саясат

Бұл өтірік: вице-премьер қытай жобалары төңірегіндегі "сұмдықтар" туралы

© AP Photo / Ng Han GuanҚытай туы
Қытай туы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына сапары 11-12 қыркүйекке жоспарланған

НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Вице-премьер Жеңіс Қасымбек Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары алдындағы митингілерге қатысты пікір білдірді.

"Сапарға қатысты бірдеңе деп түсініктеме беру қиын. Әрине, бұл ақпарат әлеуметтік желілерде мемлекет басшысының Қытайға сапары қарсаңында пайда болуы және белгілі бір топтардың жандануы таңғаларлық жайт. Қорытынды жасай алмаймын, бұл басқа органдардың құзыретіндегі шаруа", - деді ол.

Вице-премьер Қазақстан-Қытай жобалары "әлеуметтік желілерде айтылып жатқандай қауіпті емес" деп сендірді.

"Шын мәнінде әлеуметтік желілерде жарияланып, қойылып жатқан сұрақтардың еш негізі жоқ. Бұл, ашығын айтқанда, өтірік", - деді Қасымбек.

Оның айтуынша, Индустрияландыру аясында 55 бірлескен Қазақстан-Қытай жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. 20 мың жұмыс орны ашылып, оның 95%-іне Қазақстан азаматтары алынады.

Тағы оқыңыз: Вице-премьер Қасымбек Қытаймен бірлескен 55 жоба туралы айтты 

"Олардың ешқайсысы – 55 жоба өңірлерге бөлінбейді. Бұл бизнестің бастамасына байланысты. Қайталап айтамын: жобалардың барлығы дерлік – бизнестің бастамасы. Біз бүгін бірнеше жобаны жарияладық, мұның барлығы жеке бизнес. Сонымен қатар бес жоба мына облыста, алтауы ана облыста болады деп бөлінбейді", - деп түсіндірді ол.

Өңірдің ерекшелігіне байланысты энергетика саласында белгілі бір жобалар бар, деп жалғастырды Қасымбек. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар, Қызылордада тығындайтын цемент өндірісі іске қосылды, деді вице-премьер.

"Бұл үлкен нарық. Орталық Қазақстанда металлургия және машина жасау мәселесі қозғалады. Бұл кәсіпорындардың барлығында еңбек ететін жұмысшылар ғана емес, басшылар да Қазақстан азаматтары болады", - деп түйіндеді ол.

Аталған 55 жобаның 15-і қазірдің өзінде жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін қосымша бес жобаны іске қосу жоспарлануда.

Қазақстандағы наразылық акциялары

Өткен дүйсенбіде Жаңаөзен әкімдігі ғимаратының алдына жүзге жуық адам жиналып, Қазақстан аумағында қытай зауыттарын салуға тыйым салуды талап етті.

Осындай акция Ақтауда да қайталанды. Қала тұрғындары "Ынтымақ" алаңына жиналып, елде қытай зауыттарын салуға тыйым салуды талап етті. Оларды Нұр-Сұлтан мен Алматыда да қолдады.  

Жаңалықтар
0