Саясат

ОСК: Тоқаев президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сай

© Sputnik / Абзал КалиевҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputniк. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаев кандидатурасының Конституцияда және "ҚР Сайлау туралы" Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Sputniк Қазақстан тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина құжаттың маңызын түсіндірді.

"Біз президенттікке үміткер ретінде тіркелген Қасым-Жомарт Тоқаевтың талаптарға сай болуын қарап шықтық. Үміткер президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес келеді деген шешімге келдік", - деді Мұстафина.

Сондай-ақ, Сәбила Мұстафина шетелде қызмет еткен дипломаттардың президент сайлауына түсуіне қатысты ақпаратпен де бөлісті.

Тағы оқыңыз: Белсенді президент: Тоқаев бір ай ішінде не тындырып үлгерді?

"Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 жылдың наурызынан 2013 жылдың қазан айы аралығында Швейцарияның Женева қаласында БҰҰ бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женева қаласындағы бас хатшысы болды. Конституциялық кеңестің нормативті-құқықтық қаулысында "Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мүшелікке кіретін халықаралық ұйымда жұмыс істеген" деп нақты көрсетті", - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Кезектен тыс президент сайлауы

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде халыққа үндеу жасаған болатын. Мемлекет басшысы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетінін жариялады.

Тағы оқыңыз: Конституциялық кеңес Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешім шығарды

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.

Жаңалықтар
0