Саясат

АҚШ соты Қазақстан Республикасының Храпуновтар ісін қарау туралы өтінішін қабылдады

© Photo : РixabayФемида
Фемида - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Енді Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ісі АҚШ сотында қаралады

АСТАНА, 31 наурыз — Sputnik. АҚШ-тың Калифорниядағы Федералдық апелляциялық соты Қазақстан Республикасының Храпуновтарға қарсы ісіндегі позициясын қолдады деп хабарлады ҚР әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

2014 жылы Алматы қаласының әкімдігі Калифорния штатының (АҚШ) сотында қаланың бұрынғы әкімі Виктор Храпунов, оның отбасы мүшелері мен олардың АҚШ-та тіркелген жалған компанияларына қарсы талап-арыз берді. Талап-арызда талапкердің құқығын қорғау жөніндегі алты талап жасалған, соның ішінде бопсалаумен және жемқорлықпен күрес туралы АҚШ заңын бұзу, Алматы қаласы тұрғындарының мүдделеріне және пайдасына қызмет ету жөніндегі міндеттерді бұзу, біреудің меншігін заңсыз иемдену және осы мақсатта қылмыстық келісімге түсу.

Алайда Калифорния штатының Округтік соты Алматы қаласының өтінішін қабылдамай тастады. Сот аталған талқылауды АҚШ-та қарастыру қолайлы болып табылмайды деген шешімге келді.

"Алматы қаласының әкімдігі және Әділет министрлігі Калифорния штатының апелляциялық сотына наразылықпен жүгінді. Екінші инстанциядағы сот Қазақстан Республикасының аталған өтінішін қанағаттандырып, төменгі Округтік сот шешімінің күшін жойды. Қазақстан Республикасы АҚШ-тың соттарын өз позициясының дұрыс екендігіне көз жеткізе білді. Аталған шешім жемқорлықпен күрес саласындағы үздіксіз жұмыстың нәтижесі болып табылады. Енді Алматы қаласының Храпуновтарға қарсы шағымы Калифорния сотында қарастырылатын болады", — делінген баспасөз хабарламасында.

Әділет министрлігі аталған жұмысты үйлестіруді жүзеге асырады. АҚШ-тағы заң консультанты болып Latham&Watkins LLP табылады.

Баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, Храпунов жанұясы және олардың жалған компаниялары Алматы қаласы бюджетінен ұрланған ақшаны пайдалана отырып, Калифорнияда жылжымайтын мүлік және қымбат көліктерді меншікке алған.

Жаңалықтар
0